Алматыда орташа жылдамдықты есептейтін камералар іске қосылды

Алматы облысының тасжолдарында орташа жылдамдықты есептейтін бейнекамералар іске қосыла бастады.

Мұндай құрылғылар негізінен жол-көлік оқиғалары жиі болатын жерлерге орнатылған. Аталған жоба жол апаттарының санын азайтып, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Өңірдегі көлік ағыны толастамайтын тасжолдардың бірі – Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы. Ірі мегаполисті аудандармен байланыстыратын бұл күре жолмен күніне 70 мыңнан астам көлік жүйткиді. Былтыр мұнда 400-ден аса жол-көлік оқиғасы болды. 20 жол апатында жолаушылар қаза тапты. Осындай олқылықты болдырмау үшін аталған жол бөлігіне орташа жылдамдықты есептеу құрылғылары орнатылды.

Шерхан Болатбекұлы, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының өкілі:

- Біздің Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы 66 километрден тұрады. Оның ішінде 4 бақылау аймағы бар. 4 бақылау аймағын бастан аяқ өтіп және жылдамдығын асырған жүргізушілерге 4 бірдей айыппұл келуі мүмкін. Әрбір бақылау аймағы жекеше есептеледі. Яғни бір бақылау аймағына кірген уақыт пен сол бақылау аймағынан шыққан уақыты есептеледі және әрбір бақылау аймағына жеке айыппұл тағайындалуы мүмкін.

Мұндай жүйе «Алматы – Бішкек» тасжолында да жұмыс істей бастады. Бейнекамералар жол қозғалысы ережесі жиі бұзылатын жол бөліктеріне орнатылды. Автоматты кешен барлық ақпаратты әкімшілік құқықбұзушылықтарды есепке алудың бірыңғай реестріне шұғыл жолдап отырады.

Еркебұлан Ахметов, ПД Әкімшілік Полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- Бұл барлығына мәлім бұрынғы стационарлық жүйеге қарағанда орташа жылдамдықты есептейді. Жәй сөзбен айтқанда, көлік бақылау аймағына кірген уақыты мен шыққан уақытын тіркеп, орташа жылдамдықты есептеп шығарады. Бұл шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жол көлік оқиғаларының алдын алу болып есептеледі. Болашақта кезең-кезеңімен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының барлығына осындай жүйені іске қосу жоспарда бар.

Полиция қызметкерлері фотовидеобақылау жүйесі жүргізушілерді тәртіпке шақырып, қайғылы жағдаймен аяқталатын жол апаттарының санын барынша азайтады деген пікірде. Мұндай кешендер қазір елдегі ірі қалаларда жұмыс істеп тұр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов