Алматыдағы Ұлттық орталық музейде «Алтын Орда» жаңа көрме залы ашылды

Онда қазақ мемлекеттілігінің бастауы саналатын Алтын Орданың бай тарихи-мәдени мұрасы қамтылған. Экспозицияны қалыптастыру барысында жасанды зерде мүмкіндіктері де қолданылды.

370 шаршы метрді алып жатқан экспозициялық залда Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі қорларынан алынған XIII–XIV ғасырларға жататын, Алтын Орданың мәдениеті мен тұрмысын бейнелейтін 200-ге жуық артефакт ұсынылған. Атап айтқанда, Алтын Орда тұрғындары мен билеушілері пайдаланған тұрмыстық бұйымдар мен зергерлік әшекейлер, әскери киім мен қару-жарақтың бөліктері қойылған.

Сержан Саров, ҚР Ұлттық орталық музейінің директоры:

- Бұл жерде негізгі ең құнды жәдігер Алматы облысы Шеңгелді елді мекенінен табылған ежелгі 13-14 ғасырға жататын Шағатай ұлысының белді билерінің, билеушілерінің киген киімдерінің фрагменттері сақтаулы. Сонымен қатар соңғы үлгідегі заманауи витриналар ұсынылып отыр. Жасанды интеллекті қолдану арқылы Алтын Орда дәуіріне, Қазақ хандығына арналған қысқа метражды 8-9 минуттық видеолар ұсынылып отыр.

Экспозициядағы құнды жәдігерлердің қатарынан Жошы, Шағатай ұлыстарының 80-нен астам монеталарын көруге болады. Сол кезеңді айқындайтын мына жібек маталардың бөлшектері 1982 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы барысында Алматы облысы, Шеңгелді елді мекені маңында кездейсоқ табылған.

Набира Төрежанова, Ұлттық орталық музейінің Археология бөлімінің жетекшісі:

- Зерттеу барысында бұл маталардың тоқылу техникасы, оның бетіндегі өрнектер, осылардың бәрі зерттелді. Осы жобамен Қытайда Ханжоу провинциясында жібек маталардың музейі бар. Оған да барып зерттедік. Сол зерттеу барысында белгілі болды бұны Қытай мастерлері, ұсталары жасағанменде де сол жаңағы Құбылай басқарған Пекинде жүз жыл басқарып тұрған кезде сарайына сол мастерлерді шақыртып, өздерінің талғамымен заказ берген.

Мамандар «Алтын Орда мұрасы – бұл өткен тарихтың сарқыншағы емес, қазіргі Қазақстанның ұлттық бірегейлігін, тарихи жады мен егемендік идеясын нығайтатын берік рухани тірек», - дейді. Мұнда келушілер қазақ мемлекеттілігінің бастауын жүйелі түрде жаңаша пайымдауға бағытталған ғылыми материалдармен танысып, Алтын Орда  мен Қазақ хандығының тарихи сабақтастығына көз жеткізе алады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов