Цифрлық таңба заңсыз сауданы тежейді
Елде цифрлық таңба қойылатын тауар түрлері көбейді. Биыл ақпан айынан бастап тізімге сыра өнімдері мен мотор майы қосылды.
Ал жылдың соңында жеңіл өнеркәсіп тауарларын қамту көзделіп отыр. Жоба қаншалықты тиімді болуы мүмкін?
Қазақстанда цифрлық таңбалауға жататын өнім түрлері жылдан жылға көбейіп жатыр. Бұл нарықтың ашықтығын қамтамасыз етуге және тұтынушылардың құқығын қорғауға арналған. Жаңа жүйенің әрбір кезеңіне тоқтала кетейін. Алдымен өндірушілер мен импорттаушылар тауарға цифрлық таңба басады. Кейін жүктің қайда тасымалданғаны онлайн тіркеледі. Ал саудагерлер өнімді қабылдаған кезде арнайы кодты сканерлеп, содан кейін ғана сөреге қояды. Тұтынушылар сол цифрлық таңба арқылы барлық мәліметті ала алады. Кассадан төлем жасаған соң, тауар сауда айналымынан шығарылады.
Бикеш Құрманғалиева, «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» серіктестігінің бас директоры:
- Мемлекеттік органдар цифрлық таңбалаудың тиімділігін растады. Салым-түсімдері ондаған пайызға ұлғаяды. Ең бастысы, бұл жоба көлеңкелі бизнеске тоқсауыл қоюдың тиімді құралына айналды.
Цифрлық таңба заңсыз сауданы тежейді
DataMatrix коды 2020 жылдың аяғына таман темекі өнімдеріне қойыла бастады. Қазір мұны 60 мың кәсіпкер қолданады. Олардың жетеуі тауарөндіруші, 103-і импорттаушы болса, қалғаны көтерме және бөлшек саудамен айналысушылар. Соның нәтижесінде нарықтағы шылымның 95 пайызы бақылауға алынды. Ал салық түсімі бір жарым есе артып, 98 млрд теңгеден асты. Цифрлық таңбалаудың екінші кезеңінде аяқ киімдер қамтылды. Оған 5 мыңға жуық кәсіпкер тартылған. Солардың ішінде жүзден астам тауарөндіруші мен 2 мыңға жуық импорттаушы бар. Салада салық түсімі үш есе молайды. Ал 2024 жылдан бастап дәрілік заттарға белгі жапсырылды. Жобаға 8 мыңнан астам отандық және шетелдік компания, дәріхана мен медициналық ұйым қатысып отыр. Жаңа жүйе салада 15 мыңнан астам заңбұзушылықты анықтауға және 85 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді.
Адам Алексеюк, дәрі-дәрмек өндіру компаниясының бас директоры:
- Дәрі-дәрмекті сериялау мен таңбалау науқастардың да, біз сияқты тауарөндірушілердің де құқығын қорғайды. Енді әрбір тұтынушы дәріханадағы өнімдердің цифрлық таңбасын сканерлеп, олардың түпнұсқа екеніне көз жеткізуі керек. Сонда қоғам мен бизнестің жауапкершілігі күшейеді.
Цифрлық таңба басылатын өнім түрлері көбейді
Биыл ақпан айынан бастап сыра мен мотор майын кезең-кезеңімен цифрлық таңбалау жұмыстары басталды. Алғашқысының нарықтағы көлемі 182 млрд теңге болса, кейінгісі 100 млрд теңгеден асады. Алайда көлеңкелі бизнестегі тауар үлесі 32-50 пайыз аралығында болып тұр. Биыл арнайы бөшке мен шөлмекке құйылған сыра түрлері таңбаланады. Ал келер жылдан бастап қаңылтыр құтыдағы ішімдіктер қамтылады. Қаржы және Энергетика министрліктерінің болжамына сүйенсек, бес жыл ішінде сауда айналымындағы заңсыз сыра көлемі 32 млрд теңгеге, ал мотор майы 23 млрд теңгеге дейін азаюы мүмкін.
Олжас Әлтаев, Tañba бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының жоба жетекшісі:
- Бір маңызды мәселе, 1 ақпаннан бастап өндірілген мотор майлары ғана таңбалауға жатады. Сондықтан қазір тіркелу жұмыстары ғана жасалып жатыр. Пилоттық жобаға 9 кәсіпорын қатысты. 2024 жылғы 1 ақпаннан 2025 жылғы 1 ақпанға дейін жүргізілді.
Цифрлық таңба басылатын өнім түрлері көбейді
Ал биыл желтоқсан айынан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарлары цифрлық бақылауға алынады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне қарағанда, нарықтағы мұндай өнімдерінің көлемі 300 млрд теңгеден асса, көлеңкелі бизнес үлесі 40 пайызға жуықтайды. Цифрлық таңбалау арқылы алдағы бес жыл ішінде заңсыз тауар айналымын 70 млрд теңгеге дейін азайтып, салық түсімін 19 млрд теңгеге ұлғайту көзделіп отыр. Ал келер жылдан бастап биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау жұмыстары жүргізіледі.
Бауыржан Мырзатай, Tañba бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының жоба жетекшісі:
- Биологиялық белсенді қоспалар мемлекеттік тіркеуге жатуға тиіс. Алайда тексеріс барысында оның 50 пайызы мемлекеттік тіркеуге жатпай келген және көбіне құрамында қолдануға тыйым салынған заттар бар.
Жаңа пилоттық жобалар аяқталды
«Сонымен қатар зерлерлік бұйымдар, газ баллоны, ағаш діңі сияқты тауар түрлерін таңбалау бойынша пилоттық жобалар аяқталды. Енді кезең-кезеңімен қолданысқа енгізіле бастайды», - дейді мамандар.