Премьер-министр «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің отырысын өткізді
Биыл елдің жалпы ішкі өніміне жоспарланған инвестиция 5 трлн 300 млрд теңге.
Бұл Премьер-министр өткізген «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің отырысында мәлім етілді. Қаражат өткен жылдарға қарағанда қомақты. Екі есе өскен. Енді осы сомаға жаңадан қуат өндіру нысандары соғылады. Атап айтсақ, Алматыда 2-ші және 3-ші жылу электр орталықтары, Түркістанда бу-газ қондырғысы салынады. Сондай-ақ Каспий теңізінің түбінен талшықты-оптикалық желі өткізу де кіреді. Ал былтырды қорытындыласа, қордың кірісі 19 трлн теңгеден асқан. Басқарудағы активтер 9 пайызға артып, 88 млрд долларға жеткен. Бұдан бөлек қор компаниялары отандық өндірушілермен 2,2 трлн теңге көлемінде 9 мыңға жуық шарт жасасқан. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» компаниясы 1 трлн 100 млрд теңге болатын 10 жобаны аяқтады. Қатарында жылына 750 мың тонна өнім беретін CASPI BITUM өндірісі кеңейтілді. Тәуліктік қуаты 50 мың текше метрлік Кендірлідегі су тұщыту зауыты және «Достық-Мойынты» теміржол желісінің екінші жолдары салынды.