Алматыда «Самұрық-Қазына» қолдауымен Третьяков галереясының көрмесі ашылды

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының мәдениет саласындағы тағы бір жүйелі қолдауы.

Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының ұлттық өнер музейінде «Дәуір мұрасы. Третьяков галереясы қорындағы ХХ ғасыр өнері» атты көрме ашылды. Мәдени жоба ұлттық қордың тікелей қолдауымен іске асып отыр.

«Самұрық-Қазына» қорының бірыңғай қайырымдылық операторы «Самұрық-Қазына Траст» қаржыландыруымен өткізіліп жатқан көрмеде ХХ ғасырдағы мәдениеттің 30 туындысы қойылған. Олардың қатарында Аркадий Рылов, Борис Кустодиев, Александр Дейнека секілді атақты суретшілердің еңбектері бар. Қор өкілдерінің айтуынша, мұндай мәдени жобалар елдің рухани өмірін байытып, кәсіби байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Нұрлан Жақыпов, "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасы:

- "Самұрық-Қазына" үшін қайырымдылық бағыты өте маңызды бағыт болып табылады. Бұл бағыт бойынша біз жүйелі жұмыс жалғастырудамыз. Соңғы жылдары біз Қазақстан бойынша төрт музей аштық. Третьяков галереясының 30 ең атақты суреттерін алып келдік. 

Әйгілі Третьяков галереясының туындылары отандық көрерменге соңғы рет 1993 жылы  ұсынылған. Отыз жылдан аса уақыт өткен соң әйгілі музей қорының бір бөлігі Алматыға қайта әкелінді. Көрмені алматылықтар мен қала қонақтары келер жылдың 17 қаңтарына дейін тамашалай алады.

Гүлайым Жұмабекова, Ә. Қастеев атындағы ұлттық өнер музейінің директоры:

- Бұл көрмені ұйымдастыруда бізге «Самұрық-Қазына» және «Росатом» үлкен серіктестік қолдау көрсетті. Жалпы бұл - екі елдің мәдениетін нығайтуға әрі қарай дамытуға үлкен, маңызы зор жоба. 

Одан бөлек, «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен Әбілхан Қастеев атындағы музейде толық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи арт-зертхана ашылған. Сондай-ақ музейдің 3D форматындағы туры әзірленген.

Бекзат Үшкемпір, Сержан Жұмабаев

Сондай-ақ оқыңыз: