Сарапшы: Заң реформасы «Азия барысына» тән құбылыс
Конституция реформасы ХХ ғасырдың соңында қарыштап дамыған «Азия барыстары» атты елдер тобына тән құбылыс.
Еуразия өңірін зерттейтін америкалық сарапшы Уэсли Хилл осылай деп пікір білдірді. «Вашинтондық маман Қазақстандағы конституция реформасы ауқымды оң өзгерістерге бастауы мүмкін», - дейді. Сондай-ақ ол Конституция өзгерісі кезінде азаматтың жеке өміріне, еркіндігіне мемлекеттің араласуын шектейтін кепілдіктердің сақталуын тілге тиек етті. Сөз, діни сенім, жеке бас бостандығы секілді ұғымдардың қорғалуына ерекше мән берілуі керек дегенді алға тартты. Халықаралық салық және инвестиция орталығының маманы осындай кепілдіктердің скандинавиялық елдердің дамуына зор үлес қосқанын айтады.
Уэсли Хилл, Халықаралық сауда және салық институтының аға сарапшысы:
- Бұл жаңарудың басты пайдасын Қазақстан Азия барыстарының даму моделіне аяқ басып, солар секілді ірі реформаларды жүргізуінен көруге болады. Мысалы, Тайвань 70-80 жылдары қандай еді? Қарқынды саяси партиясы, белсенді әрі ұйымдасқан азаматтық қоғамы бар ел еді. Саяси плюрализм болса да, биліктің қай топ қолында екені айқын еді. Сол кездегі конституциялық реформалар Тайваньды айтулы жетістіктерге жеткізіп, әлемнің алдыңғы қатарына шығарды. Яғни саяси реформалар жасалғанда, конституциялық реформаның да болуы таңсық дүние емес. Конституциялық реформаның саяси реформаларды кідіртіп қоятын кезі де болады. Десе де Қазақстандағы жағдай ондай емес. Мұнда үкіметтің емес, жалпы елдің мүддесі басты орында тұр.