Жерді қалай емдейміз?

Еліміз топырақтың тозуынан жыл сайын 2,5 млрд доллар шығынға ұшырап отыр. Бұл Біріккен ұлттар ұйымының мәліметі. Әсіресе жайылымдық жердің жағдайы мүшкіл.

Егіс алқаптарына қатысты да мәселе аз емес. 90 млн гектар тоқырауда. Жердің жүдеуіне адами фактордан бөлек, климаттық кесірдің де зардабы көп. Сондықтан сақ қимылдап, қам жасамаса өсіру мен өндіру көлемі жыл өткен сайын кеміп кетпесіне кім кепіл? Әлбетте, мемлекет әрекетсіз емес. Парламент жайылымдар бойынша заңға 50-ге тарта өзгеріс енгізген. Енді топырақ қорғауға күш салып жатыр. Үкімет жол картасын жасақтап, жерді зерттеу инстиуты бүкіл мәліметті жиыстырумен айналысады. Алайда амал ету жағы кемшін.

Жер жүдеу. 90 млн гектар топырақ тозған. Қалпына келтіру қиямет-қайым. Себебі 1 сантиметріне табиғи жолмен жан біту үшін 50-ден 200-жылға дейін кетеді. Яғни сапаны қайтаруға санаулы өмір жетпейді. Сондықтан барды бағалаудан басқа амал жоқ.  

Нұржан Әшімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бізде жайылымдық жерлерді жақсартпаймыз. Тек қана пайдаланамыз. Ал бүкіл әлемде оны жақсартады. Бізде үлкен көлем болғаннан кейін жер жетеді деп соны пайдаланбаймыз. Елмен араласқан кезде әлі де жетпей жатқанын айтады. Былай қарағанда, жер бос жатады. Бірақ иесі бар боп шығады. Біз өзгеріс енгіздік. Егер малдың саны жетпесе, онда қайтару керек. Бұрын 20 пайыз малдары болса тиіспеуші едік. Енді 50 пайызға жеткізу керек деп заңға енгіздік.

Рас, әсіресе, жайылымдардың жайы мәз емес. Бұрынғыдай жайлау, қыстау, күздеу жоқ. Малдың жайылу аумағы – ауыл айналасы. Таптаған сайын жердің де тынысы тарылады. 2 жыл бұрын тиісті заңға түзету енгізіліп, түбекті өзгеше түлету көзделген еді. Бірақ, іс маңдымай, мал жаю жоспарын бекітетін мәслихат мызғып отыр, - дейді мәжіліс. Ал Үкімет үлгермей жатыр.   

Нұржан Әшімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Үкіметке бірнеше сауалдарды жасадық. Бірақ оларда жер реформасында үлкен мәселе тұр. Олар биылдан бастап бүкіл жер қатынастарын цифрлық платформаға енгізу керек. Жердің конкурсына да комиссиясыз цифрлық платформа арқылы өткізу қажет. Сондықтан біз сұрақ қойған кезде, қол тимей жатыр, соның бәрін үлгермей жатырмыз деп жауап беріп жатыр. Негізі бәріне де үлгеруге болады. 

«Сыныққа сылтау»,-демекші жасанды интеллект шенділерге жақсы болды. Жауапкершілікті соған жаба салады. Бұл жайында үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент те үн қатқан. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бір кемшілік көзге анық көрінеді. Үкімет мүшелері мен әкімдер өздеріне сеніп тапсырылған салалар мен облыстардағы барлық олқылықты цифрландыруға «жаба салады». «Жаппай цифрландыру енгізілсе, сіз көрсеткен олқылықтар мен кемшіліктер өздігінен жойылады» дейді. Бұл арада не айтуға болады? Адамдар өзін қорғаудың, басын арашалап алудың небір құйтырқы әдісін табады.

Жайылымдық жерді жүдетпеудің жолы – көпжылдық шөп. Кеңес кезіндегі тәсіл бүгінде кең қолданылмайды. Ал түгін тартсаң майы шығатын маң дала қуарып барады. Топырақтың сорынан диқандардың да маңдай соры бес елі. Жел, су, тұз эрозиясына ұшыраған немесе дұрыс тыңайтпау салдарынан саладағы проблема сала құлаш.

Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Енді тұрақты түрде барлық жерге мониторинг жүргізеді. 5 жылда қарап тұрады. Адам баласының скринингі болады ғой, сондай скрининг жүргізуге міндеттеліп жатыр. Мысалы, қазір жердің барлығы жекенің қолында. Сол бекітіледі де, енді 5 жыл сайын жердің жағдайы қалай? Яғни денсаулығы қалай, сол қаралады. Егер денсаулығы жақсарса, топырақтың сапасы, құнары. Онда субсидия, қолдау шаралары қабылданады. Жердің, топырақтың құнарлығы, сапасы төмендеп жатса тетіктер қарастырылған. Соны шаруадан алып кету де қарастырылып жатыр жұмыс тобында,-деп сөйдеп айтайын.

2024-2030 жылдарға арналған жол картасы жасақталды. Осы жоспар аясында да геоботаникалық, агрохимиялық және топырақтық жағдайы бақылауда болады. Мұнымен айналысатын жерді зерттеу институтының мәліметтері мемлекеттік органдарға стратегиялық тұрғыдан басқаруға негіз болады. 

Манат Айдосов, Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты департаментінің директоры:

- Бүгінгі таңда ҚР Ауыл шаруашылық картасы 100 пайыз аяқталды. Картаның негізінде геоботаникалық, топырақтық және агрохимиялық мәліметтер толықтырылып жатыр. Жобамен зерттеулер нәтижесі геопорталда биыл 1-ші жарты жылдықта аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні геопортал ашық интернет жүйесінде бар. Оған кез келген азамат кіріп, зерттелген, енгізілген жердің сапалық күйін көре алады.

Халықтың 40 пайызы ауылдарда тұрады. Демек жұртшылықтың несібесі негізінен жерде. Бірақ ауыл шаруашылығы тауарларының жалпы ішкі өнімге шаққандағы көрсеткіші шамалы.   

Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің ішкі өнімдегі үлесі ауыл шаруашылығының 4-5 пайыз айналасында. Салыстырмалы түрде қырғыз көршілес 9 пайыз. Өзбекстан 20 пайызға дейін жетеді. Белоруссия 7-8 пайызға дейін. Бізде өңірдегі өкінішке қарай ең төмен. Бірақ біздің көлеміміз де үлкен ғой. Сондықтан соңғы 2-3 жылда жақсы өнім, рекордтық урожайға қолымыз жетіп отыр. Жақын арада мал шаруашылығын дамыту жөнінде үкімет жаңа бағдарлама қабылдап отыр. Оған 600 млрд-тан аса ақшасы қарастырылып отыр. Енді малдың басы көбейеді, өнімі көбейіп жатса, ауыл шаруашылығының да ішкі өнімдегі үлесі өседі деп күтіледі.

Қазір топырақты қорғау туралы заң жобасы депутаттардың қарауында. Құжатта жерді күтіп-ұстау талаптары күшейтіліп жатыр. Егер фермер сапасын нашарлатып алса, сот арқылы жерінен айыру қарастырылған.

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Ғалымжан Әбділахат, Досбол Байділдин