Ақмола облысында жаңа Конституция жобасы талқыланды

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Ақмола облысының тұрғындарымен, спортшылармен, еңбек ұжымдарымен және туристік сала өкілдерімен кездесті.

Көкшетаудағы «Болашақ сарайында» өткен жиынға 400-ге жуық адам қатысты. Оның ішінде кәсіпкерлер мен зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары мен белсенді азаматтар жиналды. Алқалы жиында сөз сөйлеген Ерлан Қошанов еліміздегі қоғамдық диалогты жаңа деңгейге көтеретін түбегейлі жаңа орган – Халық кеңесінің құрылуына ерекше назар аударды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Жаңа Конституция арқылы Халық кеңесі институты құрылады. Ол Қазақстан халқының ортақ мүддесін білдіретін ең жоғары консультативтік орган болады. Ассамблеяның барлық инфрақұрылымы мен бірегей тәжірибесі сақталып, өз жұмысын жалғастырады. Халық кеңесі өңірлерді, азаматтық қоғамды және этномәдени бірлестіктерді біріктіреді. Яғни халықтың көпэтникалық үні айқындала түседі деген сөз. Осылайша, Ассамблеяның ұзақ жылдар бойы жиған тәжірибесін пайдаланып, өз бетінше заңнамалық күн тәртібін қалыптастыратын біртұтас құрылым қалыптасады.

Ермек Нұғман, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Көптеген мәселе қаралғанын көріп жатырмыз. Президентіміз, өзінің барлық Жолдауында әрқашан айтады, Конституциямызда да бекітілді. Ол «Қазақстан - әлеуметтік мемлекет» деген. Әлеуметтік деген сөзде барлығы да тұр. Ол қарттарға деген қамқорлық, қарттарға жағдай жасау деген соның барлығы әлеуметтік мемлекет деген сөзге сыйып тұр. Біз бұны өте құп көріп жатырмыз. Бұл өте уақытына сай қабылданып жатыр деп ойлаймыз.