Түркістан облысында мүгедектігі бар 6500 адам жұмыспен қамтылады

Түркістан облысында мүгедектігі бар 6500 адам биыл жұмыспен қамтылады.  

Былтыр бес мыңға жуық адам түрлі салаға жұмысқа тұрды. «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында өңірде мүгедектігі бар азаматтарды еңбекпен қамтуға басымдық беріліп отыр.

Түркістан тұрғыны Бекжан Усманов 1-топтағы мүгедек. Былтыр еңбек мобильділігі орталығы арқылы өтініш беріп, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне  жолданған. Қазір субсидияланатын жұмыс орны бойынша осы бөлімдегі мамандардың көмекшісі ретінде қызмет етіп жүр. 

Бекжан Усманов, қала тұрғыны:

- Жұмысым жақсы, ұнайды өзіме. Былтыр көктемнен бастап істеп жатырмын. Басшыларым маған ашық, жақсы, құрметтейді. Бәрі білмеген жерімді көмектесіп жібереді. Бұған дейін Жетісайда осындай жұмыспен қамту бөлімінде істегем. Арасында үйге, әйеліме көмектесіп, жәрдем беремін қолымнан келгенше. 

Бекжан Усмановтың келіншегінің де мүгедектігі бар. Үй шаруасындағы әйел жолдасының жұмыс істеуіне жағдай жасап отыр.  Әріптестері Бекжанды ұқыпты, жұмысқа жауапкершілікпен қарайды дейді.

Шолпан Амирова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

- Жұмысқа деген қабілеті өте жақсы. Тәртібі де өте жақсы. Жұмысқа уақытылы келіп, уақытылы қайтады. Барлық іс-шараларға белсенді атсалысады.

Кентау қаласының тұрғыны Ақмарал Бейсенованың аяғының туабітті кемістігі бар. 3-топтағы мүгедек. Бірақ ол мойыған емес, керісінше шыңдала түстім дейді. Қалалық жұмыспен қамту бөлімі арқылы жергіліті шеберханаға тігінші болып орналасқан. 

Ақмарал Бейсенова, тігінші:

- Мен осы жерге келгелі көп нәрсе үйрендім. Қазір біздің тігіп жатқанымыз ер адамдардың асты-үстімен шалбары, жейдесімен. Әскери киімдерде тігіеміз. Қандай тапсырыстар келеді, көп нәрсе тіктік негізі. Қазақша киімдерді де, желеттерді де тіктік. Бұл жұмыс шыдамдылықты талап етеді. Хобби десем де болады мен оқымағанмын негізінде.

Бұл шеберхананы 4 жыл бұрын Дастан Орынбасар ашқан. 18 жылдан бері арбаға таңылған азамат қазір өзі сияқты 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. "Біздің мүмкіндігіміз шектеулі болғанымен ақыл-оймыз шексіз", - дейді Дастанның өзі. 

Дастан Орынбасар, кәсіпкер:

- Біздің мақсатымыз - мүгедіктігі бар азаматтарды жұмыспен қамту. Қосымша оларға қаржы болсын. Төрт бөлмеге қамылып қалмасын. Инклюзия деген француздың сөзі бар. Бейімдеу, депрессия, күйзелістегі адамдар отырып қалмасын. Өзіміздің басымыздан өтті, 5-6 жыл күйзелісті болдық. Бала-шағасын асырасын, бір жәрдемақы не болады ол. Өзінің дәрі-дәрмегінен артылмайды. Сол оймен ашып отырмыз. 

Былтыр облыс бойынша мүгедектігі бар 4690 адам бір күрек тапқан. Оның жартысынан астамы тұрақты,  қалғаны  уақытша жұмыспен қамтылды.  840 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша курс оқып,   278 тұрғынға  қайтарымсыз грант берілген.

Нұрдәулет Асанбаев, облыстық еңбек мобилділігі орталығы директорының орынбасары:

- 2026 жылға мүгедектігі бар 6500-ден аса азаматты жұмыспен қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда қаңтар айының қорытындысымен 100-ден аса мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтыдық. 99 азаматты тұрақты жұмыспен, 21 адамды бастау бизнес кәсіпкерлік негіздері бойынша курсқа жолдадық.

Сондай-ақ биыл мүгедектігі бар азаматтар үшін бос жұмыс орындарына 256 квота бөлінді. Мамандар бүгінге дейін осы квота арқылы 10 азаматтың жұмысқа орналасқанын айтады. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш