Биыл 23,8 млн гектар жерге егін егіледі

Биыл елде бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарады.

Оның орнына жоғары рентабельді дақылдардың үлесін арттыруға назар аударылмақ. Бұл туралы бүгінгі үкімет отырысында белгілі болды. Алдағы жоспар бойынша биыл егіс көлемі 23,8 млн гектарға жетті. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 180 мың алқапқа  артып отыр. Жалпы маңызды науқанға өңірлер дайындығы қай деңгейде. Дала дихандарын қандай қолдау шаралары күтіп тұр.

Кәмшат Мұхамеджан, тілші:

- Әне-міне дегенше ақпан аяқталуға жақын. Демек, көктем қыр астында. Қазір дала диқандарының алды саймандарын сайлап, техникаларын майлап  егіс науқанына әзірліктерін бастап кеткен. Бүгінгі таңда өңірлердің мәліметі бойынша техниканың дайындық деңгейі шамамен 80%-ға жетіпті.  Бұл көрсеткіш алдағы 1 айда егіс толық басталғанға дейін 100%-ға жетеді деп сендірді сала министрі. Айдарбек Сапаровтың ақпаратынша, биыл жалпы елдегі егіс алаңы шамамен 23,8 млн гектар болғалы тұр. Бұл өткен жылдан 180 мың гектарға көп. Соның ішінде майлы дақылдар алаңы 55 мың, азықтық дақылдар 242 мың гектарға, арпа 94 мың гектарға ұлғайған. Мұнымен қоса биыл жүгеріні терең өңдейтін инвестициялық жобаларды шикізат базасымен қамтамасыз ету жұмысына баса назар аударылады.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Биылғы жылы жүгері алқабын 265 мың гектарғажеткізу жоспарлануда, бұл өткен жылдан 90 мың гектарға көп (174,6 мың га). Осы мақсатта Министрлік Қытайдың солтүстік өңірлерінде бізге ұқсас топырақ-климаттық жағдайларда жүгері өсіретін компаниямен кездесу өткізді. Бұл компания тұқым, тыңайтқыш жеткізу және өсіру тәжірибесімен бөлісу арқылы практикалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Шаруалар көктемгі жұмыстарын қамсыз атқарушы үшін үкімет оларға барынша қолдау көрсетіп келеді. Биыл дала және егін жинау науқанында жеңілдетілген несие  беруге 700 млрд теңге қарастырылған. Қаржыландыруға өтінімдерді қабылдау өткен жылдың қазан айында басталғаны белгілі. Нәтижесінде бүгінгі таңда 2 мыңға жуық шаруа қолдау қаржысымен қамтылып  үлгерген. Соның арқасында диқандар  қажетті көлемде тұқымдарды, минералдық тыңайтқыштарды қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік туды.

Назгүл Хатепова, ҚР АШМ Егіншілік департаменті директоры:

- Өткен жылдың қорытындысы бойынша біз 1,8 млн тонна минералды тыңайтқыштарды енгіздік. Биылғы жылдың жоспары 2,3 млн тоннаны құрайды. Жалпы әкімдіктермен қазір осы біздің негізгі зауыттармен келісім-шарт жасау жұмыстары жүріп жатыр. 200 мыңнан артық минералды тыңайтқыштарды жеткізу бойынша келісім-шарттар жасалды. Ішкі нарықта аграрийларды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бойынша мемлекет тарапынан қолдау шаралары көрсетіледі. Биылғы жылы жергілікті бюджеттерде осы салаға 75 млрд теңге көзделіп отыр.

Айдарбек Сапаров отандық техниканы өндіру көлемінің ұлғайғанын да атап кетті. Министр мәліметіне сенсек, бір жылдың ішінде техника өндірісі 22%-ға өсіпті. Биыл машина-трактор паркін жаңарту деңгейін 8%-ға дейін жеткізу тапсырмасын орындау мақсаты тұр. Бұл межені де ойдағыдай енсеруге ниетті сала жауаптылары. Жиында үкімет басшысы егіс алқаптарын әртараптандыруды биыл да жалғастыру керектігін айтты. Әсіресе жоғары табыс әкелетін және экспортқа шығатын дақылдардың алқаптарын кеңейтуге назар аударуды тапсырды.