СҚO-да алғаш рет таңсық дақылдар егілді

Солтүстік Қазақстанда өрік, құрма мен жаңғақ өсіру ісі қолға алынды. Ғалымдар өңірдің табиғатына таңсық бұл дақылдардың көшеттерін егіп, тәжірибе жүргізіп жатыр.

Мамандар орман фермаларын құру арқылы ауыл шаруашылығы алқаптарының өнімділігін арттыруды көздейді. Игі бастама отандық өнім көлемін ұлғайтып, шетелдік тауарларға деген тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Орман алқабына грек жаңғағының көшеттері егілді. Жас өскіннің аязға төзімділігін арттыру мақсатында қайыңдардың арасы таңдап алынды. Енді көшеттердің жаңа ортаға бейімделуі маңызды.

Тимур Зверяченко, ғалым-дендролог, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің доценті:

- Көшетті әдейі ағаштардың арасына отырғыздық. Олар жас өскінді жазда күннен қорғайды. Қыста қалың қар жиналып, жылу береді. Бұл – өсімдіктің тез бейімделуіне аса қажет жағдай.

Бұрын бұл жер қараусыз қалған саяжай болатын. Қазір тәжірибе алаңына айналды. Өрік, құрма және жаңғақтың түрлі сұрыптары егілмек. Өсу кезеңін жас маман Жанна Еркімбаева бақылайды. Көшеттерге күтім жасайды.

Жанна Еркімбаева, орман тұқымбағының инженері:

- Қазір тұқымнан кассетада өсірілген қарағай көшеттерін отырғызып жатырмын. Олар жеткілікті өсті. Енді арнайы қаптарға ауыстырылады. Орманшы мамандығы жан қалауым болды. Педагогикалық бағытқа да түсуіме болар еді. Бірақ жасыл желекті жақсы көремін. Сондықтан осы саланы таңдадым.

Ғалымдар солтүстіктің қатал суығында да түрлі жеміс пен ағаш өсіруге болатынын дәлелдемек. «Осылай мол өнім алып, экономикаға да пайда әкелеміз», - дейді.

Тимур Зверяченко, ғалым-дендролог, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің доценті:

- Мысалы, бізде өсетін маньчжур жаңғағы ағашының бір текше метрі мың доллар тұрады. Ал қара жаңғақтың сүрегі одан қымбат. 10 мың долларға бағаланады. Бұл – мемлекет үшін үлкен табыс қой. Сондай-ақ, тұрғындар да орманнан тек саңырауқұлақ емес, жаңғақтар терер еді.

Әзірге тәжірибе ғалымдардың өз қаржысымен жүзеге асып жатыр. Алдағы уақытта ғалымдар Ботаника институтымен бірігіп, ауқымды зерттеу жүргізбекші. Егер бұл бастама сәтті болса, үлкен жаңалық болары анық. Себебі өңірде алғаш рет өрік, құрма және жаңғақтан өнім алынады. 

Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков

Сондай-ақ оқыңыз: