Астанада су тасқынына қарсы дайындық күшейтілді. LIVE

Көктем жақындаған сайын елордада да су тасқынына қарсы дайындық күшейтілді. Қала аумағында қар шығару жұмыстары қарқын алды. 

Коммуналдық қызметтер арық-науаларды тазалап, су өткізу жүйелерін тексеріп жатыр. Мамандар жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстайтынын айтады. 

Асылжан Құрманғали, тілші:

- Алдын ала болжам бойынша елордада айтарлықтай тасқын қаупі жоқ. Гидролог мамандар: «Астана су қоймасына келетін су көлемі қалыпты деңгейде болады, дегенмен наурыз айында күн күрт ысып кетсе, тосын өзгеріс болуы мүмкін», - деп топшылады.

Бауыржан Жекіжанов, «Қазгидромет» РМК Гидрология департаменті гидрологиялық болжамдар басқармасының басшысы:

- Астана қаласы мен жалпы республика аумағында жауын шашынның көп мөлшерде түсіуне байланысты. Қар өте көп жиналған сондықтан күндізгі және түнгі ауа температурасы күрт жоғарылаған жағдайда қар еру процесінен жергілікті су басу қауіпі төнуі мүмкін.

Асылжан Құрманғали, тілші:

- Дегенмен биыл елордада қар мөлшері өткен жылмен салыстырғанда аз. Соған қарамастан  тиісті ведомстволар сақтық шараларын күшейтті. Су басу қаупі бар 18 учаскеге арнайы техника мен жеке құрам бекітілген. Мамандар жағдайдың тұрақты екенін, ахуал толық бақылауда тұрғанын мәлімдеді. Сонымен қатар қалалық төтенше жағдайлар департаменті жеке тұрғын үй иелеріне алдын алу шараларын сақтауға қатысты ескерту жасады.

Әли Арғынбаев, Астана қаласы ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының инженері

- Ауладан уақытылы қар шығару. Сондай-ақ қымбат заттарды, жеке құжаттарды биік және қауіпсіз жерде сақтау. Электр, газ және су желілерінің техникалық жағдайын тексеру, қажет болған жағдайда электр желілерін өшіру. Төтенше жағдайлар департаментінің нұсқауларын бұлжытпай орындау және өз еркімен қауіпті аймақта қалмау.

Асылжан Құрманғали, тілші:

- Сақтықта қорлық жоқ. Қызыл судың алдын алу үшін елорда әкімдігі әр ауданға жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл ақша қарды уақытында шығару және жаңбыр суы жиналып қалмас үшін арықтар мен су жүретін құдықтарды тазалауға жұмсалып жатыр. Қазірдің өзінде 46 шақырым арық пен 20 шақырымнан астам су өтетін құбырлар тазартылды. Сондай-ақ 1700-ден аса су қабылдау құдығы аршылды. Жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.

Олжабек Бейсов, Астана қаласының коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

- Биылғы жылдың басынан бастап көктемгі судың алдын алу басталды. Қазіргі таңда қалада 2000-ға жуық техника жұмылдырылған. 3000-нан астам адам күнделікті осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

Асылжан Құрманғали, тілші:

- Төтенше жағдайға жедел әрекет ету арнайы тобы да сақадай сай. Оған 1090 адам және 461 техника бірлігі кірді. Төтенше жағдайлар департаментінен – 113 адам, 28 техника болса полициядана- 80 адам, 12 техника жұмылдырылған. Сондай ақ  жергілікті атқарушы орган – 413 адам, 414 техника жұмылдырылған. Бұл құрам табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұрып қызмет етпек.

Авторлары: Асылжан Құрманғали, Ержан Қанапияұлы, Сержан Нарешов