Абай облысында тасқынға дайындық күшейтілді
Құтқарушылар көктемгі су тасқынына дайындықты күшейтті. Қауіп туындаған жағдайда 1400 маман мен 550 техника төтенше жағдайдың алдын алуға жұмылдырылмақ.
Құтқарушылар 100 тоннадан астам инертті материалдар мен жанар-жағармай қорын дайындап, 45 мың қап әзірлеген. Сондай-ақ қорғаныс бөгеттері жөнделіп, Ертіс өзенінің жағалауы бекітілді. Қазір Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері гидро ахуалды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Шалғайдағы Мақаншы ауданына қарасты Бақты ауылы бұған дейін бірнеше рет су басу қаупі бар аймақтардың қатарында болған. Өткен жылдары көктемгі тасқын кезінде ауыл маңын су шайып, тұрғындарға қауіп төнген еді. Алайда биыл жергілікті әкімдік ешқандай қауіп жоқ екенін айтып отыр. Жауапты мекемелер жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.
Медет Естібаев, Бақты ауылдық округінің әкімі:
- Енді ауылда қазір 10 су өткелі көпірі бар. Бес арық бар. Оның бәрі күзгі уақытта тазаланған. Қазіргі уақытта көпірлердің асты қатты қар мен бораған қарлардан тазаланып жатыр. Күзгі уақытта осы су тасқынының алдын алу үшін ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын үлкен арықтың бойын тазалап, көтеріп канал қаздық. Енді бұл да бір жағынан септігін тигізеді деп ойлаймыз.