Ақтөбеде су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқын алды
Осыған дейін облыс орталығынан 480 мың текше метр қар шығарылып, 55 шақырым арық жүйесі тазартылды.
Қыс бойы қала көшелерінің қарын күреуге 357 арнайы техника жұмылдырылса, қазір олардың қатары қосымша 55 жүк көлігімен және алты тиегішпен толықты. Әсіресе көктемде су басу қаупі жоғары саналатын жеке секторлар: Мәскеу, Шанхай аудандары және Оңтүстік-Батыс аумағы қардан тазартылып жатыр.
Мирас Әжібаев, Астана ауданы әкімдігінің түкш бөлімінің басшысы:
- Қазіргі таңда Алтын Орда шағын ауданы ішінде каналдар тазартылды, Құрышсай елді мекені ішіндегі су жүретін арықтар тазартылды. Сонымен қатар алдағы уақытта Думан елді мекені, Жаңақоныс және Бауырластар елді мекеніндегі барлық арық-каналдарды тазарту жоспарланып отыр. Наурыздың онына дейін қар шығару жұмыстарын бітіреміз деп жоспарлап отырмыз.