Алматы тау кластерінің берері көп
Былтыр Алматы қаласына 2 миллионға жуық турист келген. Соның 30 пайызы шетелдік. Әрине олар Алматының тауын көруге асығады.
Осы мақсатта Алматы тау кластерін кешенді дамыту жоспары әзірленді. Енді оған қоса, Шымбұлақ пен еуразиялық курорттар халықаралық әріптестікті нығайтады. Бұл туралы Алматы облысында өткен III Еуразиялық тау курорттары альянсы фестивалінде сөз болды.
Әлемде таулы аймақта орналасқан демалыс орындары жеткілікті. Мәселен, Ташкент, Баку, Бішкек пен Тбилисиді атап өтуге болады. Бірақ ондағы әсемдікті көру үшін кәдімгідей жол жүріп барасыз. Алматы тауларының артықшылығы қаланың дәл іргесінде тұр. Оған мегаполистің орталығынан 20-30 минутта жетесіз. Жүзеге асырылып жатқан Алматы тау кластері жобасы туристердің саяхатын қызықты әрі есте қалатындай етуді көздейді. Атап айтқанда, инфрақұрылым жақсарады. Туристік бағыттар жаңарады. Қызмет көрсету сапасы артады. Осы мәселе Еуразиялық тау курорттары альянсы фестивалінде де талқыланды.
Ринат Абдрахманов, Shymbulak курортының бас директоры:
- Мен былай деп айтар едім. Тау кластерін дамытудың маңызы зор. Жоба туристер санын біркелкі реттеуге, табиғи экожүйеге түсетін салмақты азайтуға және тау бағыттарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи, басқарылатын инфрақұрылым құруды мақсат етеді. Біз бағыттарды сатқан кезде, оларды Шымбұлақ, Табаған немесе Ой-Қарағай деп жеке дара айтпаймыз. Біз оның бәрін қосып Алматы тауларына жолдама сатамыз. Сондықтан бізге біртұтас болып бірге дамығаны маңызды.
Халықаралық сарапшылардың айтуынша, елімізде соның ішінде Алматыда тау кластерін дамытуға барлық жағдай бар. Климаттық жағынан да, географиялық жағынан да тиімді. «Ашық аспан» саясатының нәтижесінде 90-ға жуық елдің азаматы визасыз кіре алады. Қазір әлемде шаңғы туризміне қызығушылық артып келеді. Шаңғыға әуес туристер ел экономикасына басқа саяхатшыларға қарағанда көбірек табыс әкеледі.
Ержан Еркінбаев, Kazakh Tourism Development компаниясының атқарушы директоры:
- Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Оның аясында Алматы маңындағы туристік инфрақұрылымды дамыту көзделген. Оны жүзеге асыру барысында 2029 жылға қарай бұрынғысы бар, жаңасы бар бірыңғай тау курорты құрылуы керек. Жалпы алғанда ең аз дегенде 200 шақырым шаңғы жолы болады. Мұндай шаңғы жолы үшін туристер алыстан ат арылтып келетіні сөзсіз. Онда ұзын-сонар кезек болмайды. Қысылмай еркін сырғанауға мүмкіндік жасалады. Бізге қоршаған ортаға, көлік жүйесіне және тұтастай алғанда инфрақұрылымға ауыртпалық түсірмейтін осындай туризмді дамытуымыз қажет.
Шетелдік туризм саласының мамандары да Қазақстанның бұл бастамасын құптап отыр. «Олар бірнеше тау курортын бір тау кластеріне біріктіру экономикаға да, елдің туристік әлеуетіне де оң әсер етеді», - дейді.
Давронбек Ниязов, Amirsoy тау курортының коммерциялық директоры:
- Алматы тау кластерінің құрылуы әрине, құптарлық дүние. Алыстан келген туристер бір емес, бірнеше жерді бір-ақ көргісі келеді. Міне, кластер соған мүмкіндік береді. Яғни барлығына барып қайтады. Қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейде болса, оның соңынан ондаған тіпті жүздеген турист келеді. Бұл жақсы тәжірибе. Алдағы уақытта мұны Өзбекстанда да қолдансақ дейміз.
III Еуразиялық тау курорттары альянсы фестивалінде ұйымның «Жасыл хартиясы» қабылданды. Құжат - экожүйені сақтау, кластерлік даму, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану сияқты мәселелерді қамтиды. Сондай-ақ Андорадаға курорттар желісімен меморандумға қол қойылды. Альянстың штаб-пәтері Алматыда орналасқан. Оған алты мемлекет мүше.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов