Павлодар облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейтілді
Тұрмыстық зорлық зомбылық жаһанның қай тұсында өткір тұрған мәселе. Біздің ел де заң мен тәртіпке мұқият қарайды.
Павлодар облысында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 2,5 мың адам полицияның тексеруінен өткен. Бұлардың арасында отбасында жанжал шығарып, тыныштық бұзатындар арнайы есепке алынды.
Қиын жағдайға тап болған немесе отбасында зорлық көрген әйелдер балаларымен бірге «Дағдарыс» орталығын паналай алады. Бұл әлеуметтік мекеме 50 орынға арналған. Аты-жөнін жарияламауды өтінген көпбалалы ана сегіз жыл бойы ұрып-соққан күйеуінен қашып, осы орталықтан пана тауып отыр.
Дағдарыс орталығының тұрғыны:
- Ол қол көтермейтін, мені қамшымен сабайтын. Ұлды, үлкен қызды қамшымен сабайтын сабақ оқыңдар деп. Бірақ менің ұлым бірінші орындар әкелетін, беске оқитын. Тамақ ішіп жатқанда ол маған айтқан, мен сендерді бауыздап тастаймын, егер менің айтқаныммен жүрмесеңдер. Содан кейін мен қаштым.
Көпбалалы ана «Дағдарыс» орталығы туралы теледидардан көріп, көмек сұрап келген. Қазір мұнда 30-дан астам адам тұрып жатыр. Орталық мамандары келгендердің құжаттарын реттеуге көмектесіп, балаларын мектеп пен балабақшаға орналастырады. Сонымен қатар аналарға жұмыс тауып береді. Полиция қызметкерлері 500-ге жуық жайсыз отбасын анықтап, 350-ін арнайы бақылауға алды.
Азамат Күркебаев, ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы:
- Тұрмыс-жедел профилактикалық іс-шарасы аясында 2459 азамат тексеріліп, құқық бұзушы оларға тергеу ұйғарымдары 824 фактісі тіркелді. Оның ішінде мінез-құлқына талап, ішімдікті ішуге тыйым салынған 500-дей азаматқа талап қойылды. Сонымен қатар қиын жағдайға тап болған отбасылар үш отбасыға көмек көрсетіліп, әйел балаларымен арнайы орталыққа орналастырылды.
Облыс көлемінде тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Полиция былтырдан бері 102 нөміріне түскен әрбір қоңырауға талдау жасауға көшті.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков