Суперкомпьютер ғалымдардың қолын ұзартты

Суперкомпьютер айлап, апталап шешетін қиын есептің жауабын бірер сағатта тауып береді.

Жоғары өнімді есептеу кешені материал-тану, астро-физика, био-информатика, кванттық химия және молекулалық динамика сынды салаларда кеңінен қолданылып жүр. Бұл – ғылымның уақытын үнемдеп, мүмкіндігін ұлғайтады. Суперкомпьютердің қуаты неғұрлым жоғары болса,. ғылыми зерттеулер де соғұрлым бәсекеге қабілетті, - дейді мамандар.

Біз қазір университет базасындағы  суперкомпьютер орналасқан орталықтамыз.  Мұндағы суперкомпьютерлердің есептеу қуаттылығы шамамен 1600 терафлопс. Яғни, секундына триллион есеп деген сөз. Ал жеңілдетілген режимде өнімділігі тіпті 48 петафлопсқа дейін артады. Бұл күрделі есептерді бірнеше күн емес, бірнеше сағатта дайындауға қауқарлы.

Сергей Бубин, Nazarbayev university профессоры:

- Салыстыратын болсақ, қарапайым ноутбук немесе дербес компьютерде ең көбі 8-16 ядро ғана бар. Ал мұнда 192. Оған қоса, суперкомпьютердің жады әлдеқайда үлкен. Бұл ғылыми есептерді шығаруда  өте керек. Жүйені әр 2-3 жыл сайын жаңартып отырамыз. Алғашқы кластерді, шамамен 9 жыл бұрын сатып алдық. Кейін 2-3 жылдан соң оны жаңғыртып, Shabyt атты есептеу кешенін іске қостық. Ал былтыр салқындатқыш жүйесі бар соңғы үлгідегі жаңа суперкомпьютер орнатылды.

Ғалым Бекдәулет Шүкірғалиевтің суперкомпьютермен жұмыс істеп жүргеніне он жылдан асқан. Бұрын бұл жүйе тек күрделі ғылыми есептерді шығару үшін қолданылатын. Ал бүгінде жоғары өнімді есептеу кешендері жасанды зерденің қарқынды дамуына да үлес қосып отыр, - дейді ғалым. Оның айтуынша, Ұлттық суперкомпьютердің негізгі жұмысы жасанды зиятты жетілдіру. Ал университеттегі есептеу кешені ғылыми міндеттерді шешуге арналған.

Бекдәулет Шүкірғалиев, Nazarbayev university оқытушысы:

- Мысалы, менің жетекшілігіммен жұмыс істейтін студенттер мұны астрофизика саласында қолданады. Үлкен молекулалық газ бұлттар болады. Солардың сығылып, жұлдыз түзуі, бір мезетте мыңдаған жұлдыз пайда болады. Мұны әр ядро өз алдына бір жұлдызды алып есептейді. Параллель түрде есептеген кезде миллиондаған, миллиардтаған жыл эволюцияланатын нәрсені біз 1-2 айдың ішінде есептеп, одан әдемі-әдемі ғылыми мақалалар шығарып жатырмыз. Жақсы результаттар шығып жатыр.

Суперкомпьютер - жүздеген қарапайым компьютердің бір жүйеге біріктірілген нұсқасы. Мәселен, егер кілемді жалғыз тоқысаң, оған бірнеше күніңді арнайсың. Ал он адам біріксе, әрқайсы бір бөлігін алып, жұмыс он есе жылдам аяқталады. Жүз адам қатысса, онда тіпті бірер сағат кетеді. Суперкомпьютер де дәл осы алгоритммен жұмыс істеп, бір мезетте ондаған есепті қатар шығарады. Бүгінде білім ошағындағы «Іргетас» атты есептеу кешенінде  200-ден 700-ге дейінгі есеп бір уақытта өңделеді. Есептеу жұмыстары екі негізгі құрылғының көмегімен жүзеге асады. Бірі - процессор, екіншісі - графикалық процессор. Процессор есептерді үйлестірсе, екіншісі оларды шығаруға кіріседі. Оның біреуінің ішінде он мыңнан астам ядро орналасқан. Университет базасындағы жүйеде 24 графикалық процессор бар. Сол арқылы ғалымдар ғылым мен технологияны тоғыстырып, теориялық зерттеулерді нақты нәтижеге айналдырып отыр. Алдағы уақытта жоғары оқу орны суперкомпьютер санын ұлғайтып, ғылыми зерттеулердің әлеуетін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Мерей Талап