Қарағандылық кәсіпкер алаяқтардан аман қалды

Жұрт алаяқтарға несие алып беріп жатыр. Қарағандылық кәсіпкер де 9 млн теңге несие рәсімдеген.

Кибералаяқтар оған екі күн бойы біресе салық, біресе полиция қызметкерімін деп хабарласып тығырыққа тіреп, есін шығарған. Мұндайда ескеретін жайт, қазір банктер несиені сұраған бетте бере салмайды. Қосымша уақыт бөледі. Осы мезгілде адам күманданса, банкке немесе құзырлы органдарға хабарласуына мүмкіндік болады. 

Кәсіпкерге өзін салық қызметкерімін деп хабарласқан адам, деклАрация тапсыру кезінде кеткен қатені түзету керек,-депті. Сол үшін ұялы телефонына келген кодты сұрап алады. Арада 15 минут өткен соң киберполиция бөлімінен телефон шалған екінші адам оның смс кодты бекер бергенін, атына алаяқтар несие рәсімдегенін айтқан.

Ермек, жәбірленуші:

- Не істерімді білмедім. Содан кейін олар «қазір сіз ешкімге айтушы болмаңыз» деп айтты. Осы бойынша қылмыскерлерді ұстау үшін қазір бізде операция өтіп жатыр. Сіз бізге көмектесуіңіз керек, банкте кредиттер алынып тұр деді. Соларды жабу үшін сіз сол банктан несие алуыңыз керексіз деді.

Жәбірленуші  9 миллион теңге несие рәсімдеген. Абырой болғанда банкте ақшаны қолма-қол беруге қойылатын 1 күндік заңды кідіріс уақытында ол өзінің асығыс әрекетіне, үнсіз қалған киберполиция қызметкерлеріне күмәнданады. Сөйтіп полицияға өзі барып, сол жерде бұл алаяқтардың ісі екеніне көзі жетеді. Ақша банкке дер кезінде қайтарылды. Жәбірленушілер көбіне психологиялық қысым кезінде алданып қалады,-дейді тәртіп сақшылары. Қарағанды облысында жыл басынан бері алаяқтар 218 адамды осындай түрлі айламен сан соқтырған.

Дінмұхамед Зияда, ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

- Бұл жерде оның 41-і өздерін жалған инвестиция платформасы ретінде таныстырып, шығын соммасы 265 миллионнан асса және 80-нен астам түрі өздерін банк, полиция қызметкері есебінде таныстырған. Жалпы жыл басынан бері облысымыздың тұрғындарына келтірілген шығын 600 млн теңгеден асып тұр.

Киберқылмыскерлер  ұрланған ақшаны қолды ету үшін  көбіне өзге үшінші адамның  банк картасын «транзит» ретінде пайдаланады. Кейбіреулер заңды білмегендіктен картасын қолдануға келісім беріп дропперге айналып шыға келеді. Оларға 160 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал біле тұра, немесе пайда көру мақсатында жасағаны анықталса 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Елімізде дропперларға қатысты заң күшейтілгенімен қылмыс әлі де көп,-дейді полицейлер. Мысалы, Қарағанды облысында биыл қаңтар айынан бері киберқылмыскерлерге дроппер болған 240 адам анықталған. Соның 36-сы шетелдіктер.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков