Ақтауда оқушылар дрон технологиясын меңгеріп жатыр

Оқушыларымыз да қарап отырған жоқ. Ақтаулық өрендер дрон технологиясын қолдану тәсілдерін меңгеріп жатыр.

Балалар әуелі дронды бөлшектеп, құрастыруды үйренеді. Одан кейінгі кезеңде әуеде ұшырып, сайысқа түседі.  Біз қазір ерекше сайысты тамашалап тұрмыз. Оқушылар «Дрон-футбол» жарысында бақ сынауда. Ережесі қарапайым. Октагондағы дрондар қарсылас жағына ұшып өтіп, төбедегі шеңберге кіруі керек. Ол ұпай саналады.

Екі топқа бөлінген балалар спорттық дронды басқарудан осал еместігін байқатты. Үйірме жұмысы аптасына екі күн жүреді. Әр сабақтың ұзақтығы 80 минут. Жеткіншектер дрон бөлшектерін дұрыс құрастыруды үйренген соң ұшу аппаратының жадысына бағдарлама құюды меңгереді. Содан соң түрлі бағытта өтетін сайыстарда бақ сынайды.

Рузе Мұратқызы, оқушы:

- Бүгін біз ерекше ойын ойнадық. Ең бірінші дронды ұшырамыз және қарсылас командаға кедергілер өтіп, ортасынан саламыз. Біз ұлдар командасына 2 гол салдық.

Жахан Бұқарбаев, үйірме жетекшісі:

- Маңғыстау облысында бірінші рет ашылып отырған кабинет ретінде бұл жерде басқа мектептерден келіп, дайындық жүргізуге болады және бір бірімізбен жарыс ұйымдастыруға болады. Сол арқылы алдағы мақсатымыз - осы оқушыларды жинау арқылы Маңғыстау облысының құрама командасын шығару.

Робототехника және дрон үйірмесіне кәсіби видеографтар да қатысады. Өз білгенімен бөлісіп, балаларға шеберлік дәрісін өткізеді. Александр Убейкин FPV-дронды басқару бойынша тәжірибелі маман. Оның айтуынша, мұндай танымдық дәріс жас буынның авиация саласына қызығушылығын оятады. 

Александр Убейкин, видеограф:

- Спорттық дронда қорғаныш капсуласы болады. Яғни оқушылар үшін қауіпсіз. ІТ құрылғы қолдың ұсақ моторикасын әрі баланың инженерлік ойлау қабілетін дамытады. Қазір әлемдік тәжірибе көрсеткендей, болашақ - дрон технологиясында.

«AirHub» оқу кабинеті озық үлгідегі 20 дронмен жабдықталған. Үйірмені арнайы даярлықтан өтіп келген мамандар жүргізеді. Білім ұясының ұшу алаңында келешек мектепаралық сайыстарды ұйымдастыру күн тәртібіне қойылған. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев