Теміртаудағы тозығы жеткен үйлердің тұрғындары өзге баспанаға көшірілмеген

Былтыр Қазақстанда 2300-ге жуық адам апатты үйлерден көшіріліп, жаңа баспанаға қол жеткізді.

Алайда тозығы жеткен үйлер бірден апатты деп танылмайды. Біріншіден, арнайы комиссия жіті тексеріс жүргізіп, қорытынды шығаруға тиіс. Одан кейін жергілікті әкімдіктер ескі үйлерді сүріп, тұрғындарын жаңа баспанамен қамтуға бөлек қаражат қарастыруы керек. Бұған жеке құрылыс компанияларын тартпасқа болмас. Ірі қалалар инвесторларды қызықтыруы мүмкін. Ал өңірлердегі шағын қала, аудандарға келтіру қиындау болып тұр. Мәселен, Теміртауда 50-жылдары соғылған екі қабатты үйлердің тозығы жетіп, төбесі құлап жатыр. Апатты деп танылмаған ескі үйде адамдар әлі тұрып жатыр. Себебі басқа барар жері жоқ. 

Бұл Теміртау қаласындағы Қарағанды шоссесі, 14 мекен-жайында орналасқан үй. Екінші қабаттағы пәтер иесі бұдан бірнеше жыл қайтыс болып, баспанасы қараусыз қалған еді. Иесі жоқ үйдің күйі жоқ – былтыр сол пәтердің төбесі опырылып түсіпті. 1950 жылдарда салынған ескі үй тұрғындары енді не істерін білмей жүр. 

Күміс Нұркеева, Теміртау қаласының тұрғыны:

- Мына көршілер көрмейсіздер ме есікті жауып тастаған жақсылап, бұл кісілерге влиять етеді деген сөз. Біз енді мына жаққа қарай тұрамыз ғой. Енді все равно мынандай ненің бәрін көргеннен кейін, қорқыныш сезімі пайда болады. Конечно, қорқамыз. 

КСМ: Мұрагері жоқ пәтер әлдеқашан жергілікті әкімдіктің қарамағына өткен. Оның жай-күйінен хабарсыз әкімдік бірде жас отбасыны осында тұрғызбақ боп шешкен. Үйдің ойран боп жатқаны сол кезде анықталыпты.

Күміс Нұркеева, Теміртау қаласының тұрғыны:

- Жаңағы семьямен бірге келген ЖКХ-ның представителі айтты «сіз неге маған айтпағансыз» деп айтты. Содан кейін мен айттым «мен оны қалай айтамын, бұл менің квартирам емес қой? Мен мұнда кіріп жүруге міндетті емеспін. Даже не имею права».  Мен келген кезде ақырғы рет көргенде бұл жер құр нетіп қана тұрған деп. Ал, енді мінекей құлап жатыр. Содан кейін келген жаңағы жас нелердің бәрі қорқып сол, не не будем брать деп кетіп қалды. 

Чернышевская, 75 мекен-жайында да дәл осындай жағдай. Любовь Буторина төменгі қабаттағы пәтерде өзі ғана тұрады. Бойын үрей билегенмен, жалғыз баспанасын тастап ешқайда кеткісі жоқ. 

Любовь Буторина, Теміртау қаласының тұрғыны:

- Менен жоғары қабатта  муниципалды пәтердің төбесі түгел опырылып түскен. Салдарынан пәтерімді екі рет су алып кетті. Әкімдіктен еш көмек болмады. Тек бір рет әкімдіктен үш әйел келіп, өзім аурушаң болғандықтан 10 күнге ауруханаға жатуды немесе тұрақты баспанасы жоқ жандарды бейімдеу орталығына орналасуды ұсынды. Мен пәтерімді қалдырып кетуден қорқамын, тағы бірнәрсесі бүлінсе қайтем? Жоғарыдағы пәтердің төбесі түскен, үйіндіге су ақса, мына пәтерімді де басып қалмай ма?

Жалпы Қарағанды облысында  7 мыңға жуық көпқабатты үй бар. 54-і ескірген, күрделі жөндеуді қажет етеді. 29 үй апатты деп танылды. Соның 22-сі бос тұр. Тұруға жарамсыз тозған үйлердің дені Балқаш, Теміртау, Қарқаралыда шоғырланған. "Енді әр елді-мекендегі апатты үйлерді тезірек сүру керек" дейді облыстық басқармадағылар.

Тілектес Досаев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Біз алдымен қала-аудандардан тұрғын үйді жөндеу туралы өтінімдер жинаймыз. Солардың негізінде  облыстық бюджеттен қаржы бөлуді сұраймыз. Егер қаражат болмаса, онда аудан, қалалар өз бюджетінен қарастыруы керек. Тозығы жеткен үйлері көп өңірлердің қатарында Балқаш бар, онда үш үйді сүру керек. Теміртауда -2, Қарқаралыда тағы осындай екі үй бар. Олардың апатты деп танитын арнайы шешімдер шыққан.

Тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында былтыр облыста ескі үйлерді күрделі жөндеу жұмысы қолға алынған. Ол үшін ең алдымен комиссия техникалық сараптама жүргізіп, арнайы қорытынды шығарады. Соған сәйкес жобалық-сметалық құжат дайындалады. Онда көрсетілген жұмыс ауқымына қарай қаржы бөлінеді. Былтыр осылайша Приозерск қаласындағы 4 үйде жөндеу жұмысы басталған. Айта кетерлігі, 2023-2029 жылдарға арналған реновация бағдарламасы жергілікті бюджет есебінен іске асырылады. 

Жанерке Сағымжан, ҚР ӨҚМ, Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті баспасөз хатшысы:

- Апатты деп танылған үйлерді сүру, апатты деп танылған тұрғын үйлердің өтемақысын төлеу және өтемақы мөлшерін келіспеу мәселелерін жергілікті атқарушы органдардың реновациялау бағдарламасына сәйкес жүргізіледі. 

Айта кетейік, мемлекеттік реновациялау бағдарламасы 1930-1980 жылдар аралығында салынған үйлерді бұзып, тұрғындарын сол жерге салынған көпқабатты үй кешеніне көшіруді көздейді. Бұл ретте әкімдіктер жаңа құрылысқа инвестор тартуға міндетті. 

Бақыт Топтаева, тілші:

- Сюжет басында көрсетілген Теміртауда тұрғын үй құрылысы қарқын алды деуге келмейді. Мұндай жағдай өзге өңірлерге де тән. Сондықтан бұл жұмыстарды жеделдетіп, тұрғындар мен құрылысшылардың тәуекелдерін азайту мақсатында құзырлы ведомство жаңа құжат әзірлеген. Соған сәйкес, елде тұрғын үйді жаңғыртудың бірыңғай тетігі енгізілмек. Жаңа Құрылыс кодексіне сай, Қазақстандық тұрғын үй компаниясы реновация жобаларына кепілдік беретін болады. Сондай-ақ апатты үйден көшірілген жандарға қала-ауданның басқа аумағынан үй алып беру немесе ақшалай өтемақы қарастырылмақ. 

Бақыт Топтаева, Руслан Тұрсынғалиев, Сайран Ақамбаев, Жандос Битабаров