Биыл Астанада 26 үй сүріледі
Бас шаһардың өзінде 2030 жылға дейін сүрілуге тиіс 178 үй бар.
Тозығы жеткен үйдің көбі қаланың есі бөлігіндегі Сарыарқа мен Байқоңыр аудандарында орналасқан. Биыл апатты деп танылған 26 үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланып отыр. Яғни реновация бағдарламасы аясында оларға 675 пәтер берілуге тиіс. Мұндайда бұрынғы пәтердің аудан көлемі ескеріледі. Яғни сүрілген үйдегі пәтерде қанша шаршы метр болса, жаңасында да құрылыс компаниясы сонша шаршы метрмен есептеп береді. Астаналық тұрғын үй басқармасының мәліметінше, ескі үйлердің жай-күйі жылда тексеріледі. Былтыр жаңа пәтер не оның өтемақысын күткен тұрғындар биыл толыққанды баспанамен қамтылған. Ал, өтемақы мөлшерімен келіспегендер бүгінде сот шешімін күтуде. Жалпы көшіру кезінде әкімдік пен құрылыс компаниясы қаланың өзге аудандарында бой көтерген жаңа кешендерден пәтер ұсынады. Тұрғындардың басқа ауданға ауысқысы келмейтін жағдайлар жиі болады, дейді мамандар.
Шыңғыс Бексарынов, қалалық тұрғын үй басқармасы бөлімінің бас маманы:
- Біздегі тізім - 2030 жылға дейін жоспарлы түрде сүрілетін үйлердің тізімі. Тұрғындардан пәтерлерінің заңды иесі екенін растайтын құжатты алдын ала дайындап қоюды сұраймыз. Мәселен, бір үйде сегіз пәтер болса, әрқайсысының иесі кім, оған қанша шаршы метр қарастырылғанын анықтаймыз. Бағдарламаға сәйкес, қанша адам тіркеуде тұрғанына қарамастан, пәтердегі шаршы метрді ғана ескереміз. Сондай-ақ тұрғын үй мақсатында қолданылмаған ескі ғимараттарды да бұзамыз. Яғни жылжымайтын мүліктің құнын есептеп, заңды иесіне өтемақыны сол мөлшерде белгілейміз. Келіспейтін болса, онда бұл мәселе де сот арқылы шешіледі.