«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасымен салынған үйлер тұруға жарамсыз болып тұр – ШҚО
Шығыс Қазақстан облысында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған бірқатар тұрғын үйдің сапасына қатысты тұрғындар наразылық білдіруде.
Екі жыл бұрын Кожохово ауылында пайдалануға берілген баспаналардың қабырғалары көгеріп, есік-терезелерінен суық өтетіні анықталған. Тұрғындардың айтуынша, үйлердің ішкі қабырғалары ылғал тартып, сылағы түсіп жатыр. Қыс мезгілінде терезе жақтауларынан жел соғып, бөлме іші салқындап кетеді. Кейбір отбасылар кемшіліктерді өз күшімен жөндеуге тырысқанымен, мәселе түбегейлі шешілмеген. Енді амалы құрыған жұрт, облыс билігінен көмек күтіп отыр. Айта кетсек, бұл үйлер көп балалы отбасылар мен ата-ана қамқорынсыз қалған жандарға арналып салынған болатын.
Мына баспананы осыдан екі жыл бұрын ғана салынды деуге ауыз бармайды. Үйдің төбесі алғашқы аязға шыдас бермей су сорғалап, кейін қабырғасы көгере бастаған. Жалдамалы үйде көпбалалы Гаухар Есқалиева айына 17 мың теңге төлеп тұрып жатыр. Ай сайынғы төлемақысы жеңіл болғанымен қыстап шығу қиын болып барады дейді ол. 25 жыл бойы кезек күтіп әрең дегенде қолы жеткен үйінің бүгінгі кейіпіне алаңдаулы. Айтуынша, аттамаған табалдырығы, қақпаған есігі жоқ. Алайда жағдай өзгермеген.
Гаухар Есқалиева, Кожохово ауылының тұрғыны:
- Қыстан бері сұрап жүрміз, істеп беріңіздерші, жөндеп беріңіздерші деп, ешкім де қозғала бастайды, сосын тынышталып қалады. Әкімге звондадық, жөндетем, істетем деп айтты, бірақ енді бұл жөнделмейд, кетпейді көгергеннің бәрі кетпейді.
Ашынған әйелдің қолына үйді қабылдап алғандығын растайтын құжат та берілмеген. Аудандық әкім-қаралар болса аракідік келіп, жағдайды біліп кетумен ғана шектелуде, дейді тұрғындар. Өңірдегі сала басшыларына біз де жолықтық. Олар бұл үйлер қайта жөнделеді, тек уақыт керек деген уәж айтты.
Аян Мәкиев, Глубокое ауданы әкімінің орынбасары:
- Күн райы тұрақталған соң сәуір, мамыр айларында біз осы тұрғын үйлерден анықталған ақауларды тағы да бір қарап шығамыз. Тіркеуге аламыз. Сөйтіп, сол құжатты мердігер компанияға табыстаймыз. Олар өздері жіберген олқылықтың орнын толтыруға міндетті. Өйткені құрылыс жұмыстарына берілген кепілдік мерзімі әлі аяқталған жоқ.
Қайта қалыпқа келтіру жұмыстары көктемде басталатын болды. Бұл шаруаны облыс әкімдігі де назарға алып, арнайы жұмыс тобы құрылды.
Талғатжан Мұхамадиев, ШҚО әкімі баспасөз қызметінің ресми өкілі:
- Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарына тексеру жүргізілуде. Мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында. Қазіргі басты міндет халыққа үйлерде сапалы әрі қауіпсіздікте тұруына жағдай жасау. Бұл бағытта жұмыстар жалғасып жатыр.
Дегенмен, әзірге тұрғындар өз жағдайын өздері жасап отыр. Дым тартқан қабырғаларды арнайы құралдармен кептіріп амалдауға көшкен. Егер жазда баспанамыз жөнделмесе,келер қыста далада қаламыз ба деп алаңдаулы.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин