Елорда қауіпсіздігін ЖИ бақылайды

2031 жылға қарай Астананың тыныс-тіршілігі толық жасанды интеллект арқылы басқарылады.

Шаһардың инфрақұрылымына нейрожелі енгізуге 93 миллиард теңге жұмсалады. Жоба "Сергек" жүйесінің орнын басып, қаладағы қозғалысты толық цифрлық тәсілдермен реттеп отырады. Жасанды интеллект елорданың қауіпсізідігін бақылап, деректерді өзі сараптайды. Қандай да бір қауіп туындаса, оны дереу анықтайды. Осылайша көшедегі қозғалыс, қоғамдық тәртіп, қала тіршілігінің қым-қуыт ырғағы бір орталықпен басқарылады. Соның арқасында тосын жағдайға дер кезінде тосқауыл қойылып, қатермен күрес жеделдейді. Бұл туралы Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының өкілдері мәлімдеді. Олардың айтуынша, жоба қала қауіпсіздігі күшейіп, басқару тетігі ширатуға мүмкіндік береді. Одан бөлек елордада кәсіпорындардың көбеюіне байланысты екінші индустриялық парк ашылады. Жалпы құны 100 миллиард теңгеден асатын бұл нысан қаланың өндірістік қуатын еселей түспек. Айта кетерлігі, бұл жоба толықтай жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.

Аслан Қалғазин, ҚР Ұлттық экономика министрлігі "Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы" АҚ Басқарма төрағасы:

- Жеке компания индустриялық паркті толық дайын күйінде береді. Яғни олар нысанды су мен газға қосып, электр желілерін жүргізіп, жол салады. Оған қоса бейнебақылау камераларын орнатып, өзге де инженерлік желілерді тартады. Мемлекеттік және инвестор арасындағы келісім 2034 жылға дейін созылады.