Атырау мұнай өңдеу зауытында жаңа Конституция жобасы талқыланды

Атырау мұнай өңдеу зауытында жаңа Конституция жобасын талқылау жиыны өтті.

Қызметкерлерге Ата Заңға енгізілетін жаңашылдықтар туралы айтылып, өзгерістердің өзектілігі мен қоғамның тұрақты дамуындағы маңызы түсіндірілді. Мұнай өңдеушілер елдің болашағын айқындайтын маңызды құжатпен танысып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Қызметкерлерге жаңа Конституцияның негізгі бағыттарын түсіндірген кәсіпорын басшысы Қуаныш Бишімов мұнай өңдеу саласы үшін табиғатты қорғау – басты басымдықтардың бірі екенін жеткізді. Ол жаңа Конституция жобасында жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінгенін атап өтті. Сондай-ақ жаңа Заң азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтетінін айтты.

Қуаныш Бишімов, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС Бас директоры:

- Жаңа Конституцияда елдің негізгі құндылығы, байлығы адам екені анық көрсетілген. Бұл «Адам және оның құқықтары» қағидаты - мемлекет пен қоғамның айнымас іргетасына айналатына кепіл болады. Әр азаматтың құқығы мен бостандығы қорғалады. Жалпы жаңа Ата Заң адами капиталды дамытуға бағытталған. 

Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған басқосуға жастардан бастап, кәсіпорын жұмысының өркендеуіне елеулі үлес қосқан білікті мамандар қатысты. Олар Ата заңға енгізілетін өзгерістер әлеуметтік кепілдіктерді арттырып, сондай-ақ жастардың білімі мен білігін шыңдауда зор маңызға ие, дейді.

Серікбай Чектиев, «АМӨЗ» мұнай өнімдерін құю өндірісінің басшысы:

- Бұл заң, әрине экономикаға да, халқымыздың өсуіне, зауытымыздың көркеюіне және де Қазақстанның экономикасына, жас ұрпаққа маңызы өте зор.  

Аида Базарбаева, "АМӨЗ" ЖШС қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі инженері:

- Жаңа Конституция жобасы, бұл еліміздің даму бағытына айқындалған, әр азаматқа тең мүмкіндік беретін маңызды жоба деп білемін. Жастардың бастамаларын қолдау, олардың идеяларын жүзеге асыру құқықтары нақты көрсетілген.  

Кәсіпорында жаңа Конституция бойынша өткізілетін жалпыхалықтық референдумға қатысудың маңызын түсіндіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Топ өкілдері 15 наурызға дейін өндіріс цехтарын аралап, қызметкерлерді ақпараттандыру жұмыстарын жүргізеді. 

Асланбек Шығыр, Амантай Матенов