ШҚО-да «Көктем-2026» оқу-жаттығуы өтті
Шығыс Қазақстан облысындағы су басу қаупі жоғары аумақтарда 71 елді мекен бар. Қазір өңірде су тасқынының алдын алу шаралары күшейтілді.
Төтенше жағдай қызметінің 500-ден астам техникасы дайын тұр. 182 эвакуациялық пункт жасақталды. «Көктем-2026» оқу-жаттығуы кезінде құтқарушылар дайындықты тағы бір пысықтады. Іс-шара биыл Ертістің сағасына жақын жерде өтті. Себебі бірнеше жыл бұрын осы маңдағы саяжайлар суға кеткен еді. Жаттығу сценариі бойынша, төтеншеліктер жол талғамайтын көліктермен тұрғындарды құтқару операциясына кірісті. Ал дәрігерлер зардап шеккендерге жедел көмек көрсетті. Синоптиктердің болжамынша, биыл өңірде күн күрт жылынып, қар ерте еруі мүмкін.
Амангелді Еңсегенов, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:
- Қазгидрометтің айтуынша, биыл кішкене көктем ерте шығады деген болжам бар. Сондықтан біз дайндықты да ерте бастадық. Қазір елге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бірақ та дайындық 24 сағат жүріп жатыр. Біздің құтқарушылар мекеме қызметкерлері дайын деген ойдамыз.