Жыныстық сипаттағы қылмыстарға қатысты заң күшейтілді
Елімізде жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандардың жазасы қатаңдай түсті. Бүгін Жоғарғы Сот судьялары нормативті қаулы қабылдады.
Құжатта жыныстық қудалау мен мәжбүрлеудің аражігі нақты ажыратылды. Енді жәбірленушінің материалдық немесе қызметтік тәуелділігін пайдаланып, оны жыныстық қатынасқа итермелеу ауыр қылмыс болып саналады. Сондай-ақ қаулыда кәмелетке толмаған куәгерлер мен жәбірленушілердің құқықтарын қорғау маңызды деп көрсетілген. Мысалы, баладан тергеу кезінде тек бір рет жауап алынып, ол видеоға жазылады. Сол бейне сотта басты дәлел ретінде қолданылады. Сонымен қатар интернеттегі қудалау мен онлайн қысым көрсеткендерге де жауапкершілік қарастырылған. Тіпті жазбаны әзірлеуге немесе таратуға көмектескендер де жазасыз қалмайды.
Есенбай Боранбаев, ҚР Жоғарғы сот судьясы:
- Біздің негізгі мақсатымыз тергеу органы, сот органы болсын жалпы заңнаманы, әсіресе осы бағыттағы дұрыс қолдануда біркелкі бағыт беру. Осы бағытта түсініктер дайындадық, соны талқылап отырмыз. Нормативтік қаулы тек қана судьяларға емес, тергеушіге де, адвокаттарға да қатысты. Бұл жерде негізгі ұстап отқан бағытымыз кінәсіздік презумпциясын ешкім жоққа шығармайды. Соны сақтай отырып, жәбірленушілердің әсіресе кәмелетке толмағандардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру, заңның сақталуын талап ету.