Алматыда «Күл астындағы көз» романы жарық көрді
Алматыда «Күл астындағы көз» романы жарық көрді. Болған оқиға ізімен жазылған шығарманың авторы - актёр, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдіхалықов.
Деректі роман соғыс ардагері Игібай Ноқабаев пен Ганс есімді неміс баласы туралы. Алматы облысының тұрғыны, Екінші дүниежүзілік соғыста ұрыс алаңынан неміс баланы тауып алады. Жетімнің көз жасын қимай ауылына әкеліп, асырап алған. Оған Олжабек деп ат қояды. Өзге ұлттың ұрпағына мейірімін төккен қазақ отбасының оқиғасы осылайша көркем шығармаға арқау болды. Іс-шара аясында роман желісімен сахналық қойылым қойылды. Автордың айтуынша, шығармадан спектакль қойып, кино түсіруге болады. «Күл астындағы көз» романы 500 данамен жарық көрді.
Сәбит Әбдіхалықов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Бұл жалпы соғыс туралы емес. Адам болып қалу жайында, мейірімділік жайында, адами қасиетті сақтау жайында дүние. 2-курс студенттеріне сабақ барысына пайдаланып, арнайы үзінді қойдым. Жалпы бұл тек қана оқырманға емес, оқу құралы ретінде де пайдалануға болады.