Конституция жобасы: адам құқығының кепілі
Алматы облысында халықтың 30 проценті жастар. Оларға білім беру, жұмыспен қамту, бизнеске тарту мәселесі басты назарда.
Былтыр 27 мыңнан астам жас жұмысқа тұрса, 91 жас кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, бірнеше ауданда жастарға арналған орталық ашылды. Дегенмен жастарға қатысты шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Сондықтан оларды қолдау шаралары жалғаса береді. Қонаевқа барған Мәжіліс депутаттары осы өңір жастарымен кездесіп, жаңа Конституция жобасын бірлесе талқылады. Басқосуда Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің ел дамуы мен өңірлік саясатқа ықпалы сөз болды. Мемлекеттік басқару жүйесі жаңарып, азаматтардың құқығын қорғау барынша күшейтілетіні айтылды. Өз кезегінде қатысушылар толғандырған сауалын қойды. Адам құқығын қорғау, жастар саясаты, білім беру, жұмыспен қамту және қоғамдық бастамаларды қолдау мәселелері кеңінен қозғалды.
Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Кез келген құжатты адам үйде отырып-ақ оқи алады ғой негізі. Алайда оның себептерін, не үшін ол идея туындағанын түсіндіріп беру, дұрыстап жеткізіп, ұғындыру – бөлек мәселе. Жастар – біздің болашағымыз. Соларға дұрыстап Конституциядағы берілген жаңа саяси векторларды ,осының бәрін қолдап, соларға үйретіп, баулып, солармен бірге жұмыс істейтін болсақ, осы жастардан жақсы Қазақстанның, жаңа Қазақстанның құрылысшылары осы кісілер.
Расул Абдрахман, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының аға әдіскері:
- Көптеген білім орнында болсын, жастардың көп шоғырланатын жерінде осындай түсіндіру жұмыстары өтсе, онда жаңағы қате пікір болмайтын еді деп ойлаймын. Дұрыс, мен қолдаймын. Барлығы жастар үшін деп жасалып жатқан себептен, мен осы жаңа Конституцияны қолдап, ары қарай жаңа Конституцияны жақсы жағынан, өзім сияқты жастарға жеткізуге тырысамын.