Зергерлік өнер - туризмді түлету тетігі

Шығысқазақстандық шебер зергерлік өнерді туризмді дамытудың тетігіне айналдыруды көздейді. Қазақтың әшекей бұйымдарын өлкеге келген саяхатшылар көруі тиіс.

Самар ауылының тұрғындары бұл үйді «зергердің үйі» деп біледі. Оралбек Бекқали  баспанасының кіреберісін шағын цехқа айналдырған. Атадан мұра болып келе жатқан асыл өнерді дамытып отыр. Мамандығы мұғалім болғанымен зергер шеберханаға әрдайым уақыт табады. Кейде тапсырыспен, арасында өз  қиялына ерік беріп, түрлі әшекейлер соғып шығарады. Алғашқы сыншылары - жан жары мен қыздары. Зергердің қолынан шыққан алқа білезік, сырға-жүзіктер көздің жауын алады. Дегенмен осы сәндік бұйымдардың қадірін түсінетіндер азайып барады деп қынжылады.

Оралбек Бекқали, зергер:                  

- Өйткені базарда арзан ұйымдар көп. Біз айтқан бағаға қымбатсынады, жылтырап тұрған арзан бұйымдарды алады. Ол кісілерге бір-екі күн тағады, одан соң сынып қалса да лақтыра салса да оған іші ашымайды, сол жағынан кедергілер бар.

Бұқтырманың бойында туризмді түлетеміз десек, келген қонақтарға осы ұлттық нақыштағы дүниелерімізді насихаттауымыз керек, сонда ұтарымыз көп болмақ, - дейді шебер.

Оралбек Бекқали, зергер:

- Енді біздің шығысымыз туристік аймаққа жаңа бет бұрып жатыр. Сол кезде мысалы, туристер келсе өзіміздің шығарған бұйымдарымызды ұсынсақ деген арман-мақсатымыз бар. Бірақ соның бәріне Үкімет тарапынан кішкене қолдау көрсетілсе екен.

Оралбектің жары да қолөнерден құралақан емес. Сырмақ, киіз басып, ши тоқиды. Киізге сурет салу технологиясын да меңгерген. Қыздарын да ісмерлікке баулып жүр.

Кәмшат Айтауқызы, қолөнер шебері:

- Қолөнерді мектеп бағдарламасына көптеп кіргізсе, пән ретінде кәдімгі пән ретінде кіргізсе екен деймін, қолөнер мамандығын соның ішіде ұлттық қолөнерді көбірек дәріптесе екен дейміз.

Шеберлер отбасының арманы асқақ. Олар осы шағын цехтың болашақта ұлттық бұйымдар орталығына айналғанын қалайды. Ал әзірге зергерліктің қыр-сырын оқушыларға үйретіп, бағыт-бағдар беріп жүр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов