Creative аimaq: түркістандық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі басталды

Елордада Creative aimaq жобасы аясында Түркістандық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі басталды. Онда ата кәсіпті көздің қарашығындай сақтап, төл мәдениетімізді дәріптеп жүрген жандардың қолынан шыққан бұйымдар ел назарына ұсынылды.

Келушілер бірегей экспозияцияларды тамашалап қана қоймай, жасалу жолымен танысып, естелікке сатып алып жатыр. Түркістан – тарих мен тағылым тоғысқан мекен. Халқымыздың бай шежіресінен сыр шертетін экспозициялар жәрмеңкенің төрінен табылды. Көздің жауын алатын бұл бұйымдарды өңірдегі 30-ға жуық қолөнер шебері жасаған. 

Жанболат Сүйінбай, қолөнер шебері :

- Әкемнің нағашысынан дарыған. Төртінші ұрпақпыз шеберлер. Ертоқым, былғары бұйымдары, қазіргі заманға байланысты сөмке жасаймыз. 

Түркістандық қылқалам шеберлерінің де тартуы аз емес. Олар100-ден астам туындысын жәрмеңке аясында көпшілік назарына ұсынды. Ал дизайнер Айжан Абдубаитованың ұлттық нақыш пен заманауи сәнді үйлестірген киім топтамасы шараның көрігін қыздырды. 

Аиса Кисабекова, Түркістан облыстық креативті индустрия қорының өкілі:

- Жергілікті өңірде бұл кісілердің туындылары өте танымал. Ал қазір республикалық деңгейде қолөнер бұйымдарының санын арттырып, республикалық нарыққа шығарып жатыр. Сонымен қатар қордың қолдауы арқасында онлайн платформаларда өз бұйымдарымызды сатып бастап жатырмыз. 

Келушілер ұлттық нақыштағы бұйымдарды тамашалап қана қоймай, олардың жасалу жолына қанықты. 

Назкен Сәдуақасова, қала тұрғыны:

- Өзгеше көрме. Күткенімізден де асып түсті. Жасай беріңіздер, Түркістан облысы – өзіміздің қазағымыздың дән ортасы ғой. 

Раушан Шәріпқызы қала тұрғыны :

- Жастар мен балалардың арасында жәрмеңкені көбірек жариялау керек. Өйткені бұл – тарих. Өзім биыл бірнеше жәрмеңкеде болдым. 

Түркістандық өнер иелері әзірлеген креативті жәрмеңке ертең де жалғасады. 

Авторлары: Назерке Тоқжан, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ оқыңыз: