Жас инженерлер әлемдік байқауға жолдама алды
Шымкентте оқушыларға заманауи технологияларды тереңдете оқытатын қосымша білім беру орталықтары ашылуда.
Онда жас инженерлер, роботты құрастырып қана қоймай, оның күрделі бағдарламалық жүйесін өздері жазуды үйренеді. Бүгінде бірнеше инженерлік команда құрылып, түрлі интеллектуалдық жоба жасап жүр. Жобалардың бірі халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды.
Нұртас Сырлыбайдың құлтемірі қимылдап қана қоймайды, тіпті сөйлейді. 10 жасар өнертапқыш оның бағдарламалық жүйесін бастан-аяқ өзі жазып, алгоритімін жетілдірген. Қазір күрделі тапсырмаларды орындауы үшін қажетті өзгерістер енгізіп жатыр.
Нұртас Сырлыбай, оқушы:
- Бағдарламалар арқылы роботтарға тапсырма бере аламын. Олар оны бұлжытпай істейді. Қалаған роботыңды құрастыруға болады. Оны жұмсауға немесе көмек көрсетуге, қызмет жасауға деген сияқты.
Қалада робототехникаға қызығатын оқушылар үшін тегін үйірме бар. Мұнда заманауи технологияның тілі жеңіл әрі түсінікті түрде оқытылады. Жетекшілердің айтуынша, басты мақсат - балалардың логикалық ойлау қабілетін дамытып, отандық IT саласын өрге сүйрейтін мамандар даярлау.
Абзал Әлібеков, қалалық Робототехника қосымша білім беру орталығының директоры:
- Осы жыл Қазақстанда «Жасанды интеллект және цифрландыру» жылы деп аталды. Робототехника орталығы кішкентай балалардың ұсақ моторикасын дамытады. Одан кейін барып өзінің логикасын, қиялын дамытады. Қиял, логикасы дамыған бала ертең кез-келген пәнді, кез келген саланы оңай меңгереді.
Ал жоғары сынып оқушыларынан құралған Overtime командасы енді АҚШ-та өтетін әлемдік додада ел намысын қорғамақ. Жас инженерлердің жобасы экологияны жақсартуға бағытталған. Олар құрастырған құлтемір халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды.
Ырысбек Ұлықбеков, Қаратау аудандық НЗМ оқушысы:
- Осындай республикалық және халықаралық деңгейде өткізілетін FIRST секілді жарыстар ең алдымен командада жұмыс істеуді үйретеді. Команданың бірлігін нығайтады. Команда мүшелеріне көмектесу арқылы біз бірге дамимыз. Бірге өсеміз. Ол біріншіден. Екіншіден, біз өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда робототехника саласы қарқынды түрде дамып келе жатыр. Біздің мақсат - осы даму үдерісіне өзіміздің үлесімізді қосу.
Ырысбек бастаған топ қазір халықаралық додаға қызу дайындық үстінде. Олар робот бағдарламасын барынша жетілдіріп жатыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов