Семейде сауда орталығынан шыққан өрт оқшауланды
Семейде ойын-сауық орталығынан өрт шыққан өрт сағат кешкі тоғыз шамасында толық оқшауланды.
Адам шығыны жоқ. Бұл туралы оқиға орнынан қала әкімі Әділет Қожанбаев айтты. 6 адам көмекке жүгініп, бесеуі үйлеріне оралған. Зардап шеккен бір қыз бала ауруханаға жатқызылды. Шугаев көшесінің бойында орналасқан нысандағы жалынды сөндіруге құтқарушылар 6 минутта жетті. Ашық жалын лаулап, ғимараттың шатыры ішінара құлаған. Оқыс оқиға басталған сәтте балалар орталығының ішінде болған адамдар дереу өздігінен сыртқа шығып үлгерді. Төтенше жағдайлар министрлігінің 8 (7222) 35-38-36 жедел желі телефоны іске қосылды. Жедел штабы құрылды. Жалынды ауыздықтауға 120 өрт сөндіруші мен 21 техника жұмылдырылды.
Әділет Қожанбаев, Семей қаласының әкімі:
- Өртті сөндіру жұмыстары соңғы кезеңіне жетті. Қазіргі уақытта бізде зардап шеккендер жоқ. Иә, 6 адам жедел жәрдемге жүгінді. Олардың бесеуі үйіне жіберілді. 2007 жылы туған бір қыз бала ауруханаға жеткізілді. Оның жағдайы тұрақты. Басқа зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Тек ресми әрі сенімді ақпаратқа сенулеріңізді сұраймыз.
Ержан Сүлейменов, Семей қаласы ТЖБ бастығы:
- «Бала парк» балалар ойын-сауық орталығы өртеніп жатқаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына №3 шақырту дәрежесі бойынша жеке құрам жетті. Жұмылдырылған күштер мен құралдар саны – 120 адам, 21 техника. Жеке құрам сумен үздіксіз қамтамасыз етілген. Оқиға орнында жедел штаб жұмысын жалғастырып жатыр.
Төтенше жағдайға қатысты Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ресми хабарлама жариялады. Онда оқиға орнында Абай облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл жұмыс істеп жатыр делінген. Өрттің себептері мен мән-жайы құзырлы органдар тарапынан анықталады.