Омандағы қазақстандықтарды эвакуациялауға ұшақ аттанды
Алматыдан Оман астанасы Маскат қаласына эвакуациялық ұшақ аттанды.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі құзыретті органдармен бірлесіп, шиеленіс аймағынан азаматтарды шығару бойынша алғашқы эвакуациялық рейстерді ұйымдастырды. Алматы-Маскат-Алматы бағыты бойынша екі рейс жоспарланған. Бүгін таңертең 278 қазақстандықтан құралған алғашқы топ Дубайдағы Қазақстанның Бас консулдығының қызметкерлерімен бірге Маскатқа қарай көлікпен жолға шыққан еді. Біріккен Араб Әмірліктері және Оман шекарасында азаматтарға шекаралық рәсімдерден жедел өтуді қамтамасыз ету үшін консулдық қолдау көрсетілді. Кейін осы бағыт бойынша 189 қазақстандықтан тұратын екінші топтың ұшуы жоспарланған. Осылайша жалпы саны 467 Қазақстан азаматы елге оралады. Әуе рейстерінен бөлек эвакуация құрлық бағыттары арқылы да жүзеге асады. Атап айтқанда, Қазақстанның Тегеран, Ашхабад және Горгандағы мекемелері, Иран-Түрікменстан шекарасындағы «Инчебурун» өткізу пункті арқылы 15 Қазақстан азаматының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етті. Оларға әрі қарай Ақтау қаласына жетуіне қажетті қолдау көрсетілді. Сондай-ақ Тегеран және Еревандағы дипломаттар Иран аумағынан «Заркух» компаниясының 35 қызметкерінің Иран-Армения шекарасы арқылы автобуспен шығуына жәрдем жасады. Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері, эвакуация толық аяқталғанға дейін сол жердегі жұмысты үйлестіруді жалғастырып, азаматтармен тұрақты байланыс ұстайды.