Қостанай облысында кооперативтерді көбейту көзделіп отыр

Әзірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында осындай бірлестік ашуға 14 өтініш қаржыландырылды. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығына қатысты. 

Жалпы бірлесіп кәсіп жүргізу несімен тиімді? Ал ауылдағы ағайын кооператив құруға неге құлық танытпай отыр? 

Қарасулық үш тұрғын былтыр бірігіп, жылқы өсіруге бел буған. Мамандардың ақыл-кеңесімен кооператив жарғысын жазып, бизнес жобаны қаржыландыруға ұсынды. Нәтижесінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 23 жарым миллион теңге несие алып, 42 жылқы сатып алды. Енді сол Қамбар ата: «Түлігін өз төлінен көбейтсек», - дейді.

Рахат Тұрсынбаев, Ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы:

- Қалайда үшеуімізге жеңіл. Қай мәселені де ақылдасып шешеміз. Жандос жылқыға жақын. Менің шаруа қожалығым бар, жем азығымен қамтамасыз етемін, Фарид құжаттармен айналысады. Ойласа келе, үшеуіміз бірлесіп, кооператив құрғанды жөн көрдік. Бір жағынан жеңілдікпен қомақты несие алуға мүмкіндік туады.

2025 жылдан бастап бірігіп кәсіп жүргіземіз дегендерге айтарлықтай жеңілдіктер қаралған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша кооперативтерге 34 миллион теңге дейін несие беріледі.

Назерке Шырдай, Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Негізі бұл несие 2,5 пайызбен беріледі. Республика бойынша бұл ең төмен болып саналады. Егер ауыл шаруашылығы емес саласы болса, бес жылға дейінгі уақытқа ол кісілер ала алады. Ал егер ауыл шараушылығы немесе қайта өңдеу болатын болса, жеті жылға дейін беріледі несие. Сонымен қатар жеңілдік есебінде олар 12 айға дейін шегеру ала алады.

Десек те ауылда кооператив құруға құлшынып отырғандар сирек.  Мамандардың айтуынша, ынтымақтасудың тиімділігін жұрт әлі жете түсіне қойған жоқ. «Кооперативке бірігетін үлескерлердің мәртебесі заң жүзінде нақты анықталмауы да бұл үрдіске тежеу болып тұр», - дейді олар.

Нұркелген Өтеулин, шаруашылық басшысы:

- Біріншіден, мысалы, жеке қосалқы шаруашылықты жеке кәсіпкер ретінде сондай статус беруіміз керек. Сосын олар біріккенде оларға басқаша мүмкіндік болады. Сүттің бағасы, еттің бағасы көтеріледі ғой тапсырғанда. Коопреативпен тапсырғанда немесе жеке тапсырғанда айырмашылығы көп. Соны түсінуіміз керек.

Биыл Қостанай облысына «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға 1,5 миллиард теңге бөлінді. Осы күнге дейін соның жартысы игеріліп, 56 жоба қаржыландырылды. Оның 14-і ауыл шаруашылығы кооперативтері. Қазір негізінен осы бағытқа басымдық беріліп отыр. 

Қайыржан Есімтаев, «Тобыл» ӘКК департаментінің директоры:

- Ауыл шаруашылығы басқармасы және кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асырудың іс-жоспарын дайындадық. Соған сәйкес жыл соңына дейін 28 кооператив құру көзделіп отыр. Жауапты өкілетті органдар бірігіп, кәсіп жүргізуге ниет білдіргендерге барынша көмек-қолдау көрсетуге міндетті.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Әрине, бірлестік құру ісін науқаншылдыққа айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге жол берілмейді. Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, шаруаларды жаңа үлгідегі кооператив құруға ынталандыру қажет. Сол үшін Президент Үкіметке 1 қыркүйекке дейін «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» жаңа заң дайындауды тапсырды.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, Ермек Мұхамедияров