Жетісу облысында 14 инвестициялық жоба жүзеге асады
Жетісу облысындағы Балқаш көлінің жағалауында биыл үш коммуналдық жағажай ашылады. Жобалардың екеуі шомылу маусымы басталғанға дейін пайдалануға берілмек.
Жаңа демалыс аймақтары толықтай абаттандырылып, келушілерге қолайлы жағдай жасау көзделген. Өңірде туризм саласын дамыту мақсатында барлығы 14 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Сонымен бірге туризм саласында алғаш рет кәсіби мамандарды даярлау қолға алынбақ. Бұл қадам аймақтағы туристік қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Табиғат Әбілпейісов туризм нарығында 15 жылдан бері жұмыс істейді. Компания басшысы былтыр мемлекеттік бағдарлама арқылы екі жаңа автобус алып, Балқаш көліне бес мыңнан аса адамды апарған. Енді биыл туристік бағыттардың санын арттырып, өзге демалыс аймақтарын қамтымақ.
Табиғат Әбілпейісов, туристік компания басшысы:
- Биыл Жетісу облысы бойынша оншақты бағыт ашамыз. Бізге қазір өте маңызды. Сезонды дұрыс бастау үшін дұрыс ақпарат, жарнама беру үшін кәсіби гид, оншақты маман қажет. Олар аймақтың тарихын білу керек.
Туризм басқармасындағылар: «Кәсіби маман дайындауды биыл қолға аламыз», - деп отыр. Болашақ нұсқаушыларды «Дүниежүзілік туристік гидтер» қауымдастығының білім беру бағдарламасынан өткен мамандар оқытады.
Ақжол Сырттанбеков, облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары:
- Бүгінгі күні мемлекеттік реестрде мемлекеттік гидтер болмағандықтан біз қазір тур бизнеске, мемлекеттік парктерге, мұражайларға ақпарат жібердік. Қазіргі кезде гидтерді жинау-анықтау мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. Жиналған соң гидтар он күн бойы сегіз сағаттық оқу өтеді. Соның қорытындысы бойынша 80 сағаттық гидтар дайын болады. Сонымен бірге реестрға 20 шақты адам кіргізуді жоспарлап отырмыз.
Аймақта 400-ден астам туристік нысан бар. Саладағылар биыл солардың барлығын есепке алып, мүмкіндіктерін саралау жұмыстарын жүргізбек.
Айгүл Рүстембекова, облыстық туризм басқармасының бас маманы:
- Инвентаризацияның басты мақсаты – туристердің жол жүру бағыты бойынша туристік нысандардың дайындығын анықтау. Жалпы жолдардың дайындығы, қоқыс жәшіктерінің болуы, арнайы ақпарат болуы, туристерді қабылдау бойынша нысандардың дайындығы тексеріледі. Егер туристік нысандар дайын емес болған жағдайда құзыретті мемлекеттік органдарға хат жазылып, жұмыс атқарылатын болады.
Жетісу облысының туризм саласына биыл 4,9 млрд теңге бөлінген. Қаражатқа Балқаш көлінің жағалауында коммуналдық жағажайлар ашылып, тазалығына жауапты мекеме құрылады. Сонымен қатар халықаралық және аймақтық деңгейде 30 шақты шара ұйымдастырылмақ. Жалпы жыл соңына дейін аймаққа 2 млннан аса турист келеді деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдірешов