Елде жаңа көліктерге сұраныс артты
Елде жаңа көліктердің бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда шамамен 6 пайызға өсті. Оның ішінде қазақстандық темір тұлпарлардың құны 2%-ға артқан. Ұлттық статистика бюросы мен Қазақстан автокөлік одағы ұсынған дерек осындай.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Былтыр елімізде 171 мыңнан астам автокөлік шығарылды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда өсім көлемі – 18 пайыз. Оның ішінде жеңіл және жүк көліктері мен автобустар бар. Ал сату көрсеткіші шамамен 15 пайызға жоғарылады. Қазақстан нарығында шетелдік өнімдерді қоса алғанда 234 мың көлік сатылған. Жалпы жыл басынан бері елде 13 мыңнан астам темір тұлпар шығарылған. Салаға құйылған инвестиция көлемі 200 млрд теңгеге жуықтайды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 млрд теңгеге артық. Биыл 247 мың көлік сату көзделіп отыр. Бағаның аз да болса өсуі, отандық өнім сапасының жақсаруына және тұтынушылар сенімінің артуына тікелей байланысты, дейді Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашева.
Анар Мақашева, Қазақстан автокөлік одағының президенті:
- Мәселен, 2026 жылдың қаңтар айында ресми дилерлер сатқан жаңа 10 көліктің 9-ы Қазақстанда шығарылған. Бір жыл бұрын 10 көліктің тек бесеуі ғана отандық өнім болатын. Азаматтар көбіне отандық өнімді таңдайды деген сөз. Сонымен қатар бұл бекер емес. Өйткені көрсетілетін сервис сапасы мен берілетін кепілдік мерзімі жоғары. Оның үстіне сатып алушыларда кең таңдау бар. Кез келген бренд пен үлгіні қолма-қол ақшаға немесе несиеге сатып ала алады.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Елде көліктердің қосалқы бөлшектерін өндіру саласы қарқын алды. Бүгінде қозғалтқышқа қажетті құйылмалы бөліктер, беріліс қорабына қажетті тісті механизмдер, салқындату мен жылыту жүйелері, газ шығаратын түтік, аккумуляторлар, мультимедия мен доңғалақтар Қазақстанда шығарылады. Осы арқылы зауыттардағы өндірісті іргелі ету көрсеткіші тек арта бермек. «Жалпы машина жасау және өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім бар», - дейді Қазақстан машина жасаушылар одағының өкілдері.
Арман Галимов, Қазақстан машина жасаушылар одағы атқарушы директорының орынбасары:
- Мысалы, 2015 жылы өндіріс көлемі 670 млрд теңге болса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл сома 5,7 трлн теңгеге жетіп, 8,5 есеге артты. Саланың өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі 20%-ға жуықтады. Сонымен қатар машина жасау саласындағы өндірістер тек қана қарастырумен ғана шектеліп отырған жоқ. Олар кәсіпорындарды біртіндеп терең жергіліктендіруге басымдық береді. Салалық кластерлер қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Ауыл шаруашылығына арналған машинанаға қажетті тіркемелер мен аспалы жабдықтар өндіретін бірқатар мекеме бар. Локализация деңгейі жоғары 20-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл компаниялар өндірісті жаңғыртып қана қоймай, техника желісін кеңейтпек.
Арман Галимов, Қазақстан машина жасаушылар одағы атқарушы директорының орынбасары:
- Автокөлік жасау саласында ілгерілеу бар. Бөлшектерді өңдеу, өзімізде шығару артып келе жатыр. Мысалы, жылына 120 мың автомобиль шығаратын «Astana Manufacturing Kazakhstan» зауыты және жылына 70 мың авто шығаратын Қостанай қаласындағы KIA Қазақстан ірі зауыттары ашылып жатыр.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Кәсіпорындар іріден ұсақ тораптық жинақтауға және құрамдас бөлшектерді көбірек өндіруге кезең-кезеңімен көшіп жатыр. Мысалы, теміржол машина жасау саласында толыққанды кластер қалыптасты. Оның құрамына Railways Systems Holding тобының кәсіпорындары кіреді. Өнім халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді және ішкі нарықпен қатар Әзербайжан, Вьетнам, тағы Орталық Азия елдеріне экспортталады. Саладағы басқа да жетістіктер мен түйткілдер туралы Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумында айтылады. Жиын 2-3 сәуір күндері өтеді.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Бағдат Қайыркен, Саят Башимов