Көкшетауда республикалық штабтың отырысы өтті
Биыл топырақтың тоңы қалың, қар суы, тез сің-бесе, тасқыннан қауіп бар. Сондықтан алдын алу шараларын күшейту керек.
Үкімет басшысы құзырлы органдарға, осындай тапсырма берді. Көкшетауда Олжас Бектеновтің төрағалығымен төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысы өтті. Жиында Президент тапсырмасының орындалуы және су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейту бойынша министрлер мен облыс әкімдерінің есебі тыңдалды. Премьер-министр, Қылшақты өзенінің арнасын кеңейту және тереңдету жұмыстарын көрді.
Ақмола облысы – су басу қаупі жоғары аймақ. Биыл 34 ауылға тасқыннан қауіп бар. Өңірде былтырдан бастап дайындық жұмыстары жүргізілді. Өзеннің 60 шақырымға жуық арнасы тазартылып, табаны тереңдетілді. Одан бөлек, 17 гидротехникалық нысан жаңғыртылды.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
- Бұл шаралар 100 млн.текше метрден астам еріген суды қауіпсіз реттейді. Нәтижесінде 64 мыңға жуық адам тұратын 70 елді мекенде су басу қаупі жойылды деп айтуға болады.
Қазір облыс аумағындағы өзен-көлдердің жағдайы әуеден дронмен бақыланады. Бұл шалғай жерлерді шолып шығуға ыңғайлы. 11 ауданда 19 дрон іске қосылды. Мамандар Үкімет басшысына бұл жобаның тиімділігі туралы айтып берді.
Мағжан Ержан, Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы:
- Дрон екі түрлі нұсқада қолданылады. Біріншісі – классикалық түрде, қолдық жеке басқарумен, екіншісі – сценарний. Ол дегеніміз бізге арнайы қызметтер сценарий береді. Қай жерде, қаншада, қанша уақытта болу керек екенін айтады. Сол уақытпен ұшқызсыз дрон күнде 24/7 шығып, бақылап фото, видео есеп тапсырып отырады.
Биыл біраз өңірде топырақтың тоңы қатты. Қалың мұз ерімей, қар суы сіңбейді. «Бұл жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін», - дейді Олжас Бектенов. Одан бөлек, кейбір облыста су тасқынына дайындық шаралары тиісті деңгейде жүргізілмеген.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Кез келген сценарийге дайын болуымыз керек. Бүгінде кейбір өңірлерде су тасқынына дайындық шаралары толық қамтамасыз етілмеген. Жаңбыр суына арналған кәріз жүйелері жоқ. Елді мекендер де қорғаныс бөгеттерін нығайту, өзендердің түбін тереңдету, жағалауды бекіту жұмыстары аяқсыз қалды.
Осы ретте Үкімет басшысы жауапты құрылым өкілдеріне дайындық шараларын күшейтуді тапсырды. Құтқару жасақтарын тартып, оның ішінде тікұшақпен тасымалдау алгоритмдерін жаңартуды жүктеді.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Жағдай күрделене түссе, су басқан аймақтарға жіберілетін күш пен құрал жедел арттырылады. Осы мақсатта министрліктің қосымша резеврі де құрылды. Оның құрамында 930 адам, 113 техника, 35 жүзу құралы және 99 мотопомпа бар.
Щучинск қаласындағы жарылыс та Премьер-министрдің тікелей бақылауында. Жиында Олжас Бектенов Төтенше жағдайлар министрінен қазіргі жағдайды сұрап білді.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Зардап шеккендердің және қаза болған адамдардың туысқандарына мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілді. Сонымен қатар қылмыстық іс қозғалып, алдын ала себебі анықталды. Ол – тұрмыстық газ баллонның пайдалану талаптарының бұзылуы.
Қалада ЖЭО салынып жатыр
Үкімет басшысы Көкшетауда салынып жатқан жылу электр орталығының құрылысын көрді. Нысан 2029 жылы пайдалануға беріледі. Кешеннің электр қуаты 240 мегаватт және жылу қуаты 520 гигакалория. Бұл жоба іске қосылған кезде 195 мыңнан астам халықты жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Тағы бір ерекшелігі, жылыту мекемесінде «таза көмір» технологиясы енгізіліп, түтінді кешенді тазарту жүйесі орнатылады.
Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:
- Осы жазда жоба белсенді құрылыс кезеңіне өтеді. Жабдықтарды жеткізу 2027 жылдың І тоқсанына жоспарланған. Энергия нысандарының құрылысына шамамен 2,5 мың адам тартылады, ал пайдалануға беру кезеңінде 400-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.
Көкшетауда 2030 жылға дейін 520 миллиардтан астам теңгеге 40-қа жуық инвестициялық жоба жүзеге асады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру сияқты кәсіпорындап бар. Оның барлығы шаһардағы индустриалдық аймақта бой көтереді. Олжас Бектенов жобалармен жеке танысып шықты. Бұдан бөлек, Үкімет басшысы Көкшетаудағы теміржол вокзалының жөндеу жұмыстарын көрді. Жалпы облыста 16 вокзал жаңартылып жатыр.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Сапар соңында Олжас Бектенов жергілікті билік өкілдеріне аймақ экономикасын дамыту мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жасау қажеттігін тапсырды. Президент қойған айтулы мақсаттар мен тапсырмаларды орындауға басымдылық берілуі тиіс.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный