Жаңа Ата заң жобасын қолдау
Көкшетаудағы ірі сауда орталығында «Жаңа Ата заң жобасын» қолдауға арналған ауқымды шара өтті.
Мәдени кешті 200-ден астам адам тамашалады. Жиынға қатысқан өңір басшысы мен қоғам белсенділері жұртшылыққа жаңа Конституция жобасын жан-жақты түсіндіріп, алдағы саяси науқанға белсенді қатысуға үндеді. Сондай-ақ кеш барысында көкшетаулық «Оқжетпес» футбол клубының осы маусымдағы жаңа құрамы таныстырылды.
Жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған шара Live концерт форматында ұйымдастырылған. Кешті тамашалауға жиналған халықтың қарасы қалың. Тіпті басқа қаладан келген жандар да бар. Жиналған жұртшылық патриоттық шарада әсем әнге сусындап қана қоймай, болашаққа бағдар болған Ата заңдағы толықтырулар мен өзгертулерге қатысты көп ақпарат алды.
Олжас Жағыпаров, Степногорск қаласының тұрғыны:
- Бүгінгі мерекелік спорттық шараға арнайы Степногорск қаласынан келіп тұрмыз. 15 наурыз болатын саяси науқанды Қазақстан еліміздің жаңа дәуірі деп те айтуға болады. Осы саяси науқанды қолдау нәтижесінде Көкшетауға келіп отырмыз.
Шараның екінші бөлімінде «Оқжетпес» футбол клубының жаңа құрамы таныстырылды. Жетпіс жылдық тарихы бар футбол клубы осы уақытта дейін көптеген мықты ойыншыларды түлеткен. Өңір басшысы ұжымға жаңа автобустың кілтін табыстап, осы маусымға сәттілік тіледі. Сондай-ақ жаңа Ата заң жобасының маңыздылығына жеке тоқталды.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
- Бұл құжаттың маңыздылығы ертең еліміздің дамуына, ертеңгі болашағымызға болжам жасауға, өйткені бұл құжатта аяғына нық тұрған егеменді Қазақстанның құжаты деп айтуға болады. Мың жылдық тарихымызға үніліп қарап, қайдан шыққанымызды, қайда баратынымызды дәлелдейтін құжат.
Жалпы көпшілік Ата заңға енгізіліп жатқан түзетулер жай ғана өзгеріс емес, құқықтық нақтылықты күшейтеді деген сенімде. Жергілікті тұрғындар жаңа жобаны сырттай қолдап қана қоймай, оны нақты іске асыруға атсалысуға да дайын.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный