Атырау облысында су тасқынының алдын алуға бір миллиард теңге бөлінді

Атырау облысында биылғы көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді.

Қазіргі таңда өңірде тасқынға қарсы дайындық жұмыстары толық жүргізілген. Мамандардың мәліметінше, төтенше жағдай туындаған жағдайда 1700-ге жуық адам, 466 арнайы техника, 300-ге жуық қайық пен мотопомпа және 3 тікұшақ жұмылдыруға дайын. Су басу қаупі жоғары аймақтарда да алдын алу шаралары күшейтілген. Атап айтқанда, Атырау қаласы мен Жылыой, Қызылқоға, Индер және Махамбет аудандарында жалпы ұзындығы 106 шақырым болатын бөгеттер бекітіліп, өзен арналарының түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді.

Қазір өзендерде мұз еріген жоқ. Дегенмен, суасты ағысы қаңтар айынан бері жалғасуда.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Биыл Атырау облысы үшін Жайық өзенінен қауіп аз. Бастауын Ресейден алатын өзен арқылы қазір секундына 139 текше метр су өтіп жатыр. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 8-9 есе аз, дейді мамандар.

Жайықтың жағдайы жайлы болғанымен облыс арқылы өтетін өзге өзендерде тасқын қаупі жоғары. 2024 жылы Ойыл өзені Қызылқоға ауданындағы 7 елдімекенді қоршап, қатынас үзілген. Ал Жем өзені Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласын басып, 3 мыңға тарта үй мен әлеуметтік нысанды шайып кетті. Осы жағдай қайталанбас үшін биыл өңірде тасқынға қарсы жұмыстар мұқият жүргізіліп жатыр.

Думан Үмбет, ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы:

- Жылыой ауданындағы Жем өзінінің 95 км болатын түп тереңдету және жаға бекіту жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар Жылыой ауданы бойынша 68 км болатын  бөгет салу жұмыстары жалғасуда. Және де Қызылқоға ауданына келетін болсақ, 80 км болатын Миялы ауылындағы Ойыл өзенінің жаға бекіту жұмыстарының 67 км орындалды. 

Осындай жұмыстар Махамбет ауданынада да жалғасуда. Әсіресе 2024 жылы су қоршаған аудан орталығы мен 4 ауылда жаға бекіту жұмыстары жыл бойы жалғасты. Қазір Талдыкөл ауылындағы 1,7 шақырым бөгет нығайтылып жатыр. Биыл осы ауданға қарасты тағы 3 ауылға бөгет тұрғызу үшін қосымша қаражат бөлінбек.

Қайрат Нұрлыбаев, Махамбет ауданының әкімі:

- Сарайшық, Сарытоғай және Есбол ауылдарына жобалық-сметалық құжат жасақталып, қазіргі уақытта жүргізілуде. Біреуі мемлекеттік сараптамада яғни Сарайшық ауылы, қалған екі ауылдың жобалық сметасы жыл аяғына дейін аяқталады деп отырмыз. Енді ол жұмыстардың аяқталуына қарай болашақта суға қарсы тұра алатын болады.

Жайық, Ойыл және Жем өзендерін жағалай қоныстанған 51 елді мекен бар. Қауіпті учаскелерге 15 гидрологиялық бекет орнатылған. Олардан 4 сағат сайын мәлімет алынып, сарапталады. 1 наурыздағы мәлімет бойынша, өңірде су басу қаупі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 51 пайызға төмен, дейді мамандар.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин