38 жастағы әйел он бірінші баласын дүниеге әкелді

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында көп балалы ана Жұлдыз Әлиясованың шаңырағында қуанышты жаңалық болды.

38 жастағы ана он бірінші сәбиін дүниеге әкеліп, отбасының қуанышын еселей түсті. Қазіргі таңда Жұлдыздың тұңғыш қызы 20 жаста. Ал ең кішкентай перзенті биыл ақпан айында бір жасқа толған. Соған қарамастан, көктемнің мерекелі күндері қарсаңында отбасында тағы бір нәресте өмірге келді. Жұлдыз Әлиясова мамандығы бойынша ветеринар. Ол адал еңбек етіп жүріп те бала тәрбиесіне көңіл бөліп, қоғамға үлес қосуға болатынын айтады. Көпбалалы ана барлық күш-жігерін балаларының жарқын болашағына арнап, оларды ешкімнен кем қылмай өсіруге тырысып жүргенін жеткізді. Перзентхана ұжымы да көктемнің шуақты мерекесінде дүниеге сәби әкелген барлық аналарды құттықтады. Сонымен қатар демеушілер тарапынан дайындалған арнайы сыйлықтар табысталды.

Жұлдыз Әлиясова, көп балалы ана:

- Төрті күні сағат бір жарымда түнде босандым. Ұл, 4 келі 400 грамм. Есімін Жан қойдық. Алтыншы ұл, үйде бес қыз, бес ұл. Алтыншы ұл, иә енді бақыттымын.

Нұржас Базарбай, неонатолог–дәрігер:

- Дәл қазіргі уақытта орталықта он бірінші баласын босанған анамыз бар. Алтыншы және жетінші баласын босанған аналар бар. Сол аналарды мерекелерімен құттықтадық.Балаларының жағдайлары бір қалыпты. Тамақтануы барлығы жақсы.