Көкшетауда әйелдер мерекесі қарсаңында үш миллион дана гүл сатылады
Көкшетаудағы гүл саудасын қыздыратын дүкендер әйелдер мерекесі қарсаңында 3 млн дана гүл сатады.
Ал облыста жылына 5 млн данадан аса гүл өсіріледі. Бұл жергілікті халықтың сұранысын қамтамасыз етуге жетпейді- дейді мамандар. Сондықтан кәсіпкерлер гүлді сырттан әкеледі.
Абзал Азаматұлы тілші:
- Күрделі климатқа қарамастан аймақта гүл өсіру бизнесінің аяқ алысы жаман емес. Степногорсктегі мына жылыжайда қызғалдақтың 10-нан аса түрі жайқалып тұр. Алдағы әйелдер мерекесі қарсаңында осы жерден 100 мыңға тарта гүл сатылымға шығады.
Александр Грибалев гүл өсірудің қыр-сырын жақсы меңгерген. Гүл әсемдіктің, нәзіктіктің белгісі. Сондықтан оған ерекше күтіммен қарау керек, дейді бағбан. Былтыр күзде еккен қызғалдақтары қазір жайқалып тұр. Тұқымын Голландиядан алдыртқан.
Александр Грибалев, жылыжай директоры:
- Біз гүлдерді топырақта егеміз. Гидропоника технологиясын қолданбаймыз. Өйткені ол гүлдің сапасына әсер етеді. Біз гүлді тек мереке қарсаңында ғана өсіреміз. Өзіміздің тұтынушыларымыз бар. Көбінесе елордаға апарамыз. Мына тұрған гүлдердің қазір басым бөлігі сатылып кеткен.
Облыс бойынша гүлдің ең көп түрі Степногорск қаласында өсіріледі. Шағын шаһарда екі жылыжай бар. Екі нысаннан жылына бір миллионға жуық гүл сатылымға шығарылады. Бұдан бөлек, қазір ауылдарда да гүл бизнесі өркендеп келеді. Мәселен, Красный яр ауылының тұрғыны Болат Әбдуахитов 6 жылға жуық бағбандықпен айналысады. Бес бірдей жылыжайы бар. Онда гүлдің 54 түрін өсіреді.
Болат Әбдуахитов, жылыжай директоры:
- Бірінші жыл 350 мың гүл ектік біз. Где то 300 шықты ғой. Сонымен ойладық аздау. Сосын тағы бір парниктер салдық. Одан кейін 500 болды бізде. Одан тағы теплица салдым. Қазір где то миллион.
Ал Көкшетауға гүлдер негізінен Голландия мен Белорусиядан әкелінеді. Мереке күндері миллиондаған дана гүл сатылады,-дейді сатушылар. Сұраныс көп болған соң бағасы да қымбаттайды.
Алина Садықова, жеке кәсіпкер:
- Әйелдер мерекесі қарсаңында гүл бағасы сәл қымбаттайды. Өйткені біз гүлдердің көбін Голландия мемлекетінен алдырамыз. Жергілікті гүлдерді де саудалаймыз. Жалпы қызғалдықтардың бағасы шамамен 700 теңгеден басталады. Ал голландиялық раушандардың бағасы орташа 1200 теңгені құрайды.
Қазір аймақта гүл өсірумен айналысатын 10-нан астам кәсіпорын бар. Онда жылына 5 млн.данадан астам гүл өсіріледі. Бағбандарға мемлекеттік қолдау шаралары да қарастырылған.
Нұргүл Хайдар, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы:
- Ауылдық жерлердегі кәсіпкелер «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген алып,кәсіп ашып немесе өндірісін кеңейте алады. Сондай-ақ биылдан бастап «Іскер аймақ» жобасы да іске қосылды. Бірақ гүл өсірумен айналысатын кәсіп иелері көбіне бұл бағдарламаларға қатыса бермейді. Десе де, біз қолдау шараларын көрсетуге дайынбыз.
Гүл сатушылардың айтуынша, гүл атаулы мереке күндері жақсы өтеді. Ал басқа уақытта тәуекелі көп. Десе де, гүлге құмар жандар бар кезде бұл бизнестің дами берері анық.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный