Семейде 50 отбасы баспаналы болды
«Абай елі» деп аталатын заманауи тұрғын үй кешенінен пәтер кілттері жетім балаларға, көп балалы отбасылар және әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға берілді.
Салтанатты шараға облыс әкімдігінің өкілдері, «Отбасы банк» қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты. Жалпы өткен жылдан бері халықты баспанамен қамту мақсатында 360 жалдамалы пәтер сатып алынып, олар «Отбасы банк» арқылы кезең-кезеңімен үлестірілмек. Сонымен қатар «Абай жастары» бағдарламасы аясында жастарға 40 пәтер беру жоспарланып отыр.
«Абай елі» заманауи тұрғын үй кешені 14 қабатты, 219 пәтер бар. Кешеннің басты ерекшелігі әрбір ғимараттың өзіндік атауы мен мазмұндық мәні жасалған. Тұрғын үйлер қазақ халқының ұлы тұлғаларының құрметіне аталған. Яғни ғимараттарға Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті қайраткерлердің есімдері берілген.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Бұл баспаналар көп балалы отбасыларға, әлеуметтік осал топтарға және жетім балаларға беріліп отыр. Әрбір отбасы үшін өз үйінің болуы – үлкен бақыт, үлкен үміттің бастауы. Атамыз қазақ айтқандай «үйі жоқтың күйі жоқ» демекші үйі болмаса ешкімде өз үйім өлең төсегім деп өзін емін-еркін сезіне алмайды. Сондықтан баспаналы болғандарға тағы құтты болсын айтқым келеді.
Бір ай бұрын Семейдегі Ұшақтар кентінде 26 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды. Бүгін тағы 50 отбасы баспаналы болып, көптен күткен қуанышқа кенелді.Жылдар бойы кезекте тұрып, өз үйіне қол жеткізуді армандаған тұрғындар қуаныштарын жасырмай, көрсетілген қолдау үшін ризашылықтарын білдірді.
Қуаныш Байнүкенов, Семей қаласының тұрғыны:
- Өте қуанышытымыз, қуанып жатырмыз үйлі болып жатырмыз. Мынандай керемет үйден үй алып жатырмыз.Кезекте тұрдық 4-5 жыл көлемінде болды міне. Өте керемет.
Өткен жылы Семейдегі Қарағайлы ықшам ауданында аумағы 16 мың шаршы метр болатын үш тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін тағы екі баспананы қолданысқа беру жоспарланып отыр.
Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков