Ғылыми зерттеушілердің 56 пайызы - әйел

Олар түрлі инновациялық жобалар әзірлеп, экономиканың дамуына үлес қосып жүр. 

Ал мемлекет тарапынан ғалымдардың шетелде білім алуына, тәжірибе жинауына және жаңа жобаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетіліп жатыр.

Ұлтарақтың көмегімен адамның ауру-сырқауын анықтауға болады. Қарапайым ұлтарақпен емес, әрине. Ғалым Гүлнұр Калимулдина табанға арналған сенсорлы бұйым ойлап тапты. Ол аяққа түскен салмақты, қозғалыс динамикасын, тепе-теңдік пен қадам жиілігін есептеп, 17 түрлі диагноз қоя алады. Бұл жүйе қазір кейбір оңалту орталықтарында қолданыла бастады.

Гүлнұр Калимулдина, жоба авторы:

- Наноұлтарақты аяқ киім киесіз. Екі минут жүргеннен кейін біз толық талдау жасап береміз: майтабандық бар ма, асимметрия анықтала ма, салмақ қай аяққа көбірек түсіп жатқанын көрсетеміз. Жүріске қатысты барлық мәліметтер математикалық түрде бірден есептеледі.

Ал Гүлназым Оспанқұлова сиыр сүтін алмастыратын өнім шығарды. Ол үшін бидай, арпа, күріш, амарант сияқты дәнді-дақылдарды өңдейді. Жануар сүтінің құрамындағы лактозаға көп адамның аллергиясы бар. «Ал өсімдіктен алынған өнім олар үшін таптырмас сусын», - дейді ғалымдар.

Гүлназым Оспанқұлова, жоба авторы:

- Бидай алынады, ұнтақталады. Содан кейін оған су қосылып, жоғары температурада ферменттер қосылады. Ферменттер гидролиз деген процесте жүргізіледі. Ол кезде көмірсулар, полисахаридтер, крахмал, содан кейін ақуыздар, майлардың бәрі ыдырайды. Сол кезде жоғары дәрежелі болып шығады.

Ұрпақ тәрбиесі мен ғылымды қатар алып жүрген қыз-келіншектердің қоғамдағы рөлі айрықша. Олардың инновациялық жобалары елдің экономикалық әлеуетіне оң әсер етіп жатыр. Ал мемлекет тарапынан ғалымдарды қолдау шаралары күшейіп келеді. Қазақстан ғылыми белсенділігі бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр.

Дос Әлиұлы, ҚР ҒЖБМ ғылым комитетінің бас сарапшысы:

- Біріншіден, ғылымды мемлекеттік деңгейде стратегиялық басымдық ретінде айқындау. Президентіміз айтып өткендей, өзі ғылымның дамуына баса назар аударып, қаржыландыру көлемінің тұрақты өсуі және грандтық жүйесін жетілдіруіне жүйелі түрде көмек беруде. Үшіншіден, ғылым білім және бизнес интеграциясының күшеюі. Қазіргі таңда ғылым тек қана біліммен байланысты емес, бизнес ортаны да қалыптастырып жатыр.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне қарағанда, елде 13 мыңға жуық маман ғылыми зерттеумен айналысады. Солардың 56 пайызы – әйел. Саладағы әрбір қыз-келіншек түрлі бағытта жобалар дайындап, тың серпіліс алып келді. Отбасы, еңбек, ғылым және инновацияның үйлесімі оларды жаңа жетістіктерге жетелеп жүр.

Авторы: Еркебұлан Смадияров