Астанада жастар жаңа Конституция жобасын талқылады
Жаңа Конституция жобасындағы өзгерістерді талқылау жалғасып жатыр.
Осындай кездесулердің бірі Астанада тележүргізуші Динара Сатжанның қатысуымен өтті. Шараға жиналған жастар ұсынылған өзгерістер мен жастардың ел болашағын қалыптастырудағы рөлін талқылады.
Мәжіліс залында адам лық толы, мұнда елордалық жастар, студенттер жиналған. Белсенділер жаңа Конституция жобасындағы маңызды өзгерістерді талқылады.
Арсланбек Мағзұм, Жалпыұлттық коалиция мүшесі, қалалық маслихат депутаты:
- Жаңа Конституция жобасында қазіргі таңда көптеген өзгерістер енгізіліп жатыр. Оның барлығы да біздің құқығымызды қорғау, білім, инновация және отбасылық құндылықтарды дұрыс бағыт-бағдар беру аясында жасалған өзгерістер. Сондықтан біздің жалпыұлттық коалицияның басты мақсаты қазіргі таңда оның барлығын дұрыс түсіндіру.
Жиынға елге танымал тұлғалар да шақырылады. Бүгін жастармен кездесуге белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан келді. Ол елдегі барлық оң үрдістерге бей-жай қарамайтынын жеткізді.
Динара Сәтжан, тележүргізуші:
- Біріншіден, маған жаңа Конституция жобасының қызу талқыланып жатқаны ұнайды. Бұл елдегі болып жатқан барлық үрдістерге бей-жай қарамайтын, жетілген қоғамның белгісі. Екіншіден, еліміз өркендеп, экономикамыз дамысын десек заман ағымына қарай бейімделіп отыруымыз керек. Мысалы, 10-20 жыл бұрын менің ойым, қарым-қабілетім басқа болды. Үздіксіз дамудың арқасында осы дәрежеге жеттім. Сол сияқты мемлекет те үнемі жетіліп отыру керек. Бүгін осы туралы сөйлестік.
Айта кетейік, айтулы шараны Жалпыұлттық коалиция мүшелері мен Астана қаласы әкімдігі ұйымдастырды.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Санжар Біргебаев