Биікті бағындырған ұшқыш қыздар

Қарағанды қаласында қыз-келіншектер ұшқыш мамандығына ерекше қызығушылық танытып келеді.

Авиациялық оқу-жаттығу орталығында курсант қыздар да білім алып жатыр. Олар аспан әлемі тек ер азаматтарға ғана емес, жауапкершілік пен батылдыққа дайын кез келген жанға ашық дейді.

Қала сыртындағы авиациялық оқу-жаттығу орталығында болашақ ұшқыштар жан-жақты әрі жүйелі дайындықтан өтуде. Оқу бағдарламасы 750 сағат теориялық білім мен 250 сағат ұшу тәжірибесін қамтиды. Сонымен қатар, олар заманауи тренажёрларда жұмыс істеп, түрлі ұшу жағдайларын тәжірибе жүзінде пысықтайды. Практикалық кезеңде болашақ мамандар нақты ұшу жаттығуларына қатысып, әуе кемесін басқару дағдыларын шыңдайды. Бұдан бөлек, төтенше жағдайларда дұрыс шешім қабылдау мен жедел әрекет ету тәсілдерін үйренеді.

Орталық курсанттарының бірі Гүлжан Жорабекова. Ол бұған дейін шетелдік әуе компаниясында бортсерік болып жұмыс істеген. Болашақта азаматтық авиация саласында еңбек етуді жоспарлап отыр. Осылайша оның бала күнгі арманы бүгінде нақты кәсіби мақсатқа айналған. Қазіргі таңда курсант 100 сағат ұшу тәжірибесін жинаған.

Гүлжан Жорабекова, авиациялық оқу-жаттығу орталығының курсанты:

- Ең бастысы оқуға ынта болу қажет. Әрине бұл жол оңай емес. Авиация саласын таңдаған адам өмір бойы білім алуға дайын болуы керек. Қазіргі таңда мен FK-14 жеңіл, бір қозғалтқышты ұшақта ұшып жүрмін. Бұл әрине табысты мамандық. Дегенмен авиацияға тек ақша үшін келмегеніңіз дұрыс. Өйткені шын мәнінде - бұл үлкен еңбек, әрі жауапкершілік. 

Алина Наурызбаева да авиациялық оқу-жаттығу орталығында білім алуда. Теория, тренажёрлық дайындық, жеке ұшулар бойынша сынақтарды ойдағыдай тапсырып жүр. Қазір оның еншісінде 50 сағаттық ұшу тәжірибесі бар.

Алина Наурызбаева, авиациялық оқу-жаттығу орталығының курсанты:

- Бұл менің кішкентай кезімдегі арманым болған. Қалайда болса ұшқыш болу керек. Менің ойымша, ұшу, техникамен жұмыс жасау бұл жынысқа байланысты емес. Әйел адам болсын, ер адам болсын ол өзінің жеке қабілеттеріне байланысты, өзінің қаншалықты дайындығына байланысты және қаншалықты техниканы меңгергеніңе байланысты. 

Оқу аяқталғаннан кейін қыздар ұшқыш куәлігін алып, жетекші әуе компанияларына жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр. Соңғы бес жылда бұл оқу-жаттығу орталығында сегіз ұшқыш қыз білім алған.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков