Өскемендіктердің қоқыс шығару компаниясына қарызы 247 миллион теңгеге жеткен
Өскемен тұрғындарының қоқыс шығаратын компанияға берешегі 247 миллион теңгеге жеткен.
Коммуналдық мекеме өкілдерінің айтуынша, келісім-шартқа отырған әр бесінші тұрғын ақшасын уақытылы төлемейді. Бұл қаланың тазалығына да кері әсерін тигізіп жатыр. Мамандардың айтуынша, қордаланған қарызды қайтаруға мәжбүрлейтін механизм жоқ. Сот арқылы өндіру уақыт алады.
Өскеменде қоқыс шығаратын екі мекеме бар. Олармен 220 мыңнан астам тұрғын келісімшартқа отырған. Бұл қала халқының 60 проценті. Алайда сол қызметтің ақысын төлеуге келгенде салғырттық танытатындар көп. Тұрғындардың берешегі қазір 247 миллион теңгеден асқан. "Өскемен-Тазалық" мекемесі қордаланған қарызды қайтара алмай жүр. Мамандардың сөзінше, жауапсыз абоненттерді қызметтен шектеп тастайтын механизм жоқ.
Назгүл Сейтенғазина, коммуналдық компания директорының орынбасары:
- Бізде қарызды қайтарып алу механизмдері тек қана сот орындаушылары арқылы жүргізіледі, бірақ оның бәріне көп уақыт кетеді. Тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмысы ол үздіксіз жүргізул керек себебі тазалықты қамтамасыз ету керекпіз, сол себепті тоқтатып қоя алмайыз ана кісі қарыз мына кісі қарыз деп тоқтата алмаймыз себебі ол сосын коллапс болады.
Әсіресе көп қабатты тұрғын үйлерде қарыз қордаланып қалған. Кейбір пәтер иесінің берешегі 170 мың теңгеге жуық. Ықшам аудандарда да жағдай мәз емес. Бұл жаққа қоқыс жинайтын арнайы техника аптасына екі-үш рет қатынайды. Келісімшартқа отырмай-ақ компания қызметін тұтынып отырғандар жетерлік.
Айгүл Етекбаева, қала тұрғыны:
- Күл-қоқыс шығарылмай қалатын кез көп. Өзім жеке секторда тұрамын. Жел соққан кезде сол үйіліп жатқан тұрмыстық қалдықтар жан жаққа шашылады. Бір жағынан бұл коммуналдық компанияның ғана емес, тұрғындардың да жауапсыздығы деп ойлаймын.Төлемақыны уақытылы төлеген дұрыс. Өйткені бұл салада қаншама техника, қаншама адам жұмыс істейді ғой.
Берешек өскен сайын коммуналдық мекемелердің қызметі мінсіз болмайды. Шығын көбейіп, кіріс азаяды. Ал ол қала тазалығына тікелей әсер етеді. Дегенмен, жауапты компаниялар қолдағы тиынын үнемдеп технкиалық базасын жаңартып жатыр, дейді сала басшылары.
Рашид Шерубаев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
- Былтыр мың контейнер алып, қаланың әр бөлігіне қойылды. Күл-қоқыс шығаратын кәсіпорындар арнайы көліктерін жаңартып жатыр, биыл тағы да 5-6 траснпорт алады.Оның барлығы әрине қаншама қаражаты талап етеді.
Қысқасы, халықтан төлем болмағаннан кейін толық жаңғырту жүргізу қиын. Оның үстіне тұрғындардың жауапсыздығы да жұмысты қиындатады. Тұрмыстық қалдықты айтпағанда, әр үйден шығатын жиһаз сияқты, ауыр заттар аулаларда жиналып қалған. Оны шығару үшін де қосымша күш керек.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Қоқыс контейнерлерінің маңайы осындай үйініділерге толып қалған. Мұнда ескі жиһаз, қораптар, тұрмыстық техника дейсіз бе бәрі бар. Негізінен бұндай қажетсіз дүниелерді тұрғындар арнайы көлік жалдап өз бетімен полигонға жеткізу тиіс едік. Алайда оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Сондықтан енді қалада осындай ірі көлемді қалдықтарды жинақтайтын 20 алаңқай жабдықталады.
Қоқыс шығару қызметі үшін ай сайынғы төлем әр адамға 430 теңге. Коммуналдық мекемелер енді тым болмағанда тарифті өсіру мәселесі қарастырылса екен деген ойда. Себебі қордаланған қарыз толық қайтарылады дегенге сенім жоқ, дейді олар.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов