Жасанды интеллект қазақша сөйлейді
Қызмет көрсетуші операторлардың қазақшасы түзеле бастайды. Тек қазақша емес, жалпы түркі тілдерін танитын ірі жасанды зерде іске қосылады.
Платформа қазақ, түрік, өзбек, қырғыз, әзербайжан және татар тілін меңгерген. Бұл – Орталық Азия елдері үшін алғашқы ауқымды жоба. Бұған дейін негізінен ағылшын тіліне бейімделген халықаралық жүйелер қолданылып келген. Барының өзі түркі тілдерінің фонетикалық ерекшеліктерін ескермеген еді.
Жаңа модель осы олқылықтарды жойып, байланыс орталықтарына, қаржы ұйымдарына, логистикалық, сервистік компанияларға және мемлекеттік қызмет көрсету саласына пайдасын тигізіп жатыр.
Дильназ Тұрғазыева, тілші:
- Жаңа жобаның ерекшелігі – ол түркі тілдерінде ойлайды. Ал қолданыстағы халықаралық платформалардың басым бөлігі ағылшын тілінен аударылған, яғни бейімделген модельдер. Сондықтан морфологияда, диалект және кірме сөздерде жиі қателік жібереді. «Ал жаңа жобада түркі тілдерінің фонетикасы мен ауызекі сөйлеу үлгісін барынша ескердік», - дейді авторлар.
Әсел Рамазан, Cybernet компаниясының кіріс желісін әзірлеу бөлімінің басшысы:
- Біздің платформа жасанды интеллект негізінде дауыстық агенттерді жасауға мүмкіндік береді. Біз қалай жасаймыз? Біз ең үздік операторлардың үлгісін аламыз. Соның негізінде сол операторларға ұқсайтын агенттерді құрастырамыз. Басқаша тілмен айтқанда, ол – үздік операторлардың көшірмесі. Бұл агенттер клиенттерге қоңырау арқылы кеңес береді. Операторлар сияқты жұмыс істейді.
Жаңа жоба Қазақстанды тұтынушы рөлінен шығарып, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті, өз технологияларын әзірлеуші мемлекет қатарына енгізуді көздейді. Бұл цифрлық сервистерді ана тілінде, жасанды зерденің көмегімен сапалы түрде жетілдіруге мүмкіндік береді.
Дилшат Әбдірахманов, Қазақстандағы Cybernet компаниясының директоры:
- Біз Өзбекстанда, Қазақстанда, Қырғызстанда қазір жұмыс істеп жатырмыз. Түркия мен Әзербайжан компаниялары да қызығушылық танытып отыр. Біз қазірдің өзінде Орталық Азиядағы финтех, банктер және ритейл желілеріне арналған №1 AI шешім, әрі №1 AI платформа саналамыз. Сонымен қатар біз әртүрлі сегменттер бойынша серіктестік пен ынтымақтастыққа ашықпыз. Әрине, бизнесімізді АҚШ, Мексика және Еуропада да дамытып жатырмыз. Біздің мақсатымыз – Қазақстанда жасалған өнім халықаралық өнім болып пайдаланылғанын қалаймыз.
Платформа қазақ, өзбек, қырғыз, татар сынды түркі тілдерімен қатар ағылшын, испан, араб тілдерін де таниды. Жалпы бағдарламада 34 тіл қамтылған. Біртұтас жүйе мемлекеттік қызметтер көрсету барысында кең таралған түркі-орыс аралас сөздерді де түсінеді.
Әсел Рамазан, Cybernet компаниясының кіріс желісін әзірлеу бөлімінің басшысы:
- Адам сөйлейді, оның даусын біздің модель мәтінге айналдырады. Жиналған деректер өңделеді. Өңделген ақпаратты қайта дауысқа айналдырып, қоңырау шалған адамға жауап қайтарылады. Нәтижесінде қоңыраулар автоматты түрде өңделеді және жылдам, нақты жауап беріледі. Бұның барлығына бір секундтан аз уақыт кетеді. Қазіргі таңда бұл Орталық Азия аумағындағы ең жылдам шешім.
Жоба авторлары жасанды интеллект жүйесін әзірлеуге алты айға жуық уақыт жұмсағандарын айтады. Бұл іске қырыққа жуық маман үлес қосқан. Сөйтіп, операторлардың түркі тілдерінде, соның ішінде қазақша әрі сапалы қызмет көрсетуін еқол жеткізген. Ең бастысы отандық өнім – тегін.
Авторы: Дильназ Тұрғазыева