Елде әлеуметтік тұрғын үй қымбаттамайды
Былтыр осындай 15 мыңнан астам жалдамалы пәтер жеке меншікке берілді.
Ертеректе азаматтар мұндай үй алғанмен өз атына рәсімдей алмайтын. Халықтың сұрауын ескеріп, заңға түзету енгізілген соң осындай мүмкіндік берілді. Енді өз үйім өлең төсегім деп еркін жүруге болады.
Сонымен әлеуметтік тұрғын үй биыл қымбаттамайды. Оны айттық. Ал жеке компаниялардың еншісіндегі жылжымайтын мүлік құнын нарық өзі реттейді.
15 мың жалдамалы пәтер жекеге берілді
Елдің кез келген аймағында тұрғын үйлер құрылысын көзіміз шалатыны рас. Бұл баспанаға сұраныстың артқанын аңғартады. Былтыр 19 млн шаршы метр пәтер салу көзделген. Алайда тиісті жұмыстар межеден артық орындалып, баспаналар көлемі 20 млн шаршы метрден асты. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметі осындай. Ең жоғары көрсеткіштер 3 мегаполис пен Түркістан, Алматы, Ақтөбе облыстарына тиесілі. Биыл елде 18,5 млн шаршы метр баспана салу жоспарланып отыр. Ал баға әлеуметтік тұрғын үйлер үшін тұрақты болады, деді министр.
ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ
2025 Ж ЖОСПАР 19,2 МЛН м2
НӘТИЖЕ 20,1 МЛН м2
2026 ж ЖОСПАР 18,5 МЛН м2
АСТАНА 4,8 МЛН м2
АЛМАТЫ 2,6 МЛН м2
ШЫМКЕНТ 1,3 МЛН м2
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ 1,2 МЛН м2
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ 1 МЛН м2
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ 1 МЛН м2
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Әлеуметтік тұрғын үй бағасы өзгермейді. Ол нарықтағы бағадан арзан және мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынды. Әрбір шаршы метрі 350 мың теңге шамасында. Сол бағаны ұстап отырмыз. Ал жеке компаниялар ұсынған тұрғын үйлердің бағасын бақылай алмаймыз. Оны нарық өзі реттейді.
Тиісті заңға енгізілген түзетуге сәйкес, бұрын сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы пәтерлерді енді жекешелендіруге рұқсат етілді. Былтыр бұл мүмкіндікті 15 мыңнан астам адам пайдаланған. Тағы 11 мыңнан астам отбасының пәтерақысын субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 7,6 млрд теңге жұмсалды. Биыл да осындай көлемде қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, "Отбасы банк" төрағасы баспана кезегінде тұрған азаматтардың биыл қаншасы қоныс тойын атап өтетінін айтты.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ Төрағасы:
- Біздің жоспарымыз бойынша, осы жылда кезекте тұрған 25 мың отбасы баспаналы болады. Тағы "Наурыз" бағдарламасы өтіп жатыр. Содан 18 пайыздан өтіп кетеді. Бүкіл кезекте тұрған 350 мың азамат 10 жылдың арасында баспаналы болады деп сенеміз.
Құрылыс секторы ел экономикасында тұрақты өсім көрсетіп тұрған көшбасшы салалардың бірі. Мұны Үкімет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған мақаласында айрықша атап өтті. Оның айтуынша, былтырдың өзінде қолданысқа берілген баспаналардың көлемі екі бірдей облыс орталығының, яғни Павлодар мен Қостанай қалаларының тұрғын үй қорынан асып түседі. Алдағы жылдары да саланы одан әрі дамытып, азаматтарды тұрғын үймен қамту шараларын ширату міндеті тұр.
Еркебұлан Смадияров