Павлодар облысында құтқарушылар боранда жаяу жүріп жол көрсетті

Құтқарушылар ақтүтек боранда жүргізушіге жаяу жүріп жол көрсетті.

Кеше Павлодар облысында Көктөбе ауылынан шамамен 15 шақырым жерде жеңіл көлік жолдан шығып, кюветке түсіп кеткен. Көмекке келген төтеншеліктер кезектесіп, көліктің алдында 4 шақырым жаяу жүріп, жолға бағыттап отырған. Кейін олар Кентүбе ауылы маңындағы орнына қайтып келе жатып, Атамекен - Ақсу - Үлкен Ақжар - Курчатов республикалық маңызы бар автожолында тағы бір бұзылып қалған автокөлікті байқап, ондағы  жолаушыларды да қар құрсауынан құтқарып қалды. Көлікте Курчатов қаласынан келе жатқан Павлодар қаласының екі тұрғыны болған.