Павлодар облысында дауылдан келген шығын есептеліп жатыр

Павлодар облысында мал іздеуге шығып, боранда адасып кеткен Баянауыл ауданы тұрғынының денесі таңертең табылды. Қазір өңірде дауылдан келген шығын есептеліп жатыр. 

Екпінді жел 33 нысанның шатырын ұшырып, бірқатар елді мекенде электр жарығы өшіп қалды. Қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру мақсатында арнайы комиссия құрылды.

Кеше түстен кейін ауа райының күрт құбылуына байланысты барлық республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жабылған. Қарлы боран кезінде құтқарушылар 107 адамды құтқарды. Олардың алтауы — бала. Боранда адасып кеткендер аман-есен табылды. Өкінішке қарай, адам шығыны да тіркелді.

Думан Қыдырмоллаев, ТЖД бастығының орынбасары:

- Бізде тәулік бойынша құтқару жұмыстары жүргізілді. Құтқару жұмыстарының нәтижесінде барлық адамдар құтқарылды, тек қана Баянауыл өңірінде Майқайың кентінен 15 шақырым жерде орналасқан қыстақта шаруа қожалығының малшысы жоғалып кетіп, бүгін таңғы сағат сегіздерде мәйіті табылды.

Ат құлағы көрінбейтін қатты боранда авариялық-құтқару жұмыстары үш қала мен аудандарда жүргізілді дейік. Ақ түтек боран жол апаттарына да себепші болды.

Асқар Ғазизов, жедел жәрдем станциясының баспасөз хатшысы:

- Өткен тәулікте облыстық жедел жәрдем станциясы 7 жол-көлік оқиғасына шықты. Олардың басым бөлігі ауа райы күрт бұзылып, түстен кейінгі уақытта болды. Жалпы 19 адам зардап шекті. Адам шығыны жоқ. Адамдар ми шайқалу, сүйектің сынуы сынды түрлі жарақаттармен келді. Үш адамды үсік шалған.

Синоптиктердің айтуынша, ауа райының бұлайша құбылуына Норильск аумағынан келген циклон себеп. Алдағы тәуліктерде күн жылынып, қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін.

Ирина Анохина, «Қазгидромет» орталығы РМК ПФ метеоболжамдар бөлімінің басшысы:

- Осы циклонмен байланысты негізгі және екінші суық фронттардың өтуі байқалды. Боран соғып, қар жауып, жел күшейеді. Екі күннен кейін күн жылып, ауа температурасы нөл градусқа дейін көтеріледі. Қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болуы мүмкін.

Бүгін күн ашылып, жағдай тұрақталған соң полиция патрульдері 2 600 автокөлікті колонналарға бөліп, жолға шығарды.

Ал арнайы комиссия келтірілген шығынды анықтауға кірісті. Облыс көлемінде тағы да дауылды ескерту жарияланды. Қар жауып, боран соғады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы 15-20 метрге жетеді. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев